Музей түні өтті

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде  "Музей түні" өтті. «Музейдің ғажайып әлемі» атты мәдени шараға мәдениет қызметкерлері мен қылқалам шеберлері, өнер иелері және қала тұрғындары қатысты.
Шараның мақсаты – халықтың  бос уақытын тиімді өткізу, музейдің ғылым ордасы ғана емес, мәдени-көпшілік орын екендігі туралы ұғым қалыптастыру. Сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарына мәдени-рухани демалыс сыйлап,  музей қорындағы туындыларды насихаттау арқылы жұртшылықтың назарын еліміздің басты мәдени-білім беру нысандары – музейлерге аударту.
 - Біздің басты мақсатымыз - мәдениет пен өнер саласындағы жаңалықтарға, шараларға, мәдениет нысандарына тұрғындарды тарту, азаматтармен бірге «Рухани жаңғыру» мақалаларын талқылау мақсатында осы шара қолға алынды. «Музей түні» – әлеуметтік маңызы бар акция. Ол халықты өткенін саралауға, бүгінін бағалауға ғана шақырмайды, бірлігін бекемдеуге, құндылығын қастерлеуге, сол арқылы бір мақсат, бір мүдде, бір ел аясына топтасуға үндейді,- дейді музейдің қор сақтаушысы Асылхан Асуатов.
Айта кету керек, шара барысында Алтын Орданың – 750 жыл, Әбу Насир Әл-Фарабидың – 1150 жыл Абай Құнанбаев – 175 жыл мерейтойы аясында «Өркениет шежіресі» атты кітап көрмесі және «Көненің көзі» атты этнография залында ұлттық дәстүрді дәріптеуге арналған көрініс, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай «Майданнан келген хаттар» атты көрме, «Ешкім де, ештеңеде ұмытылмайды» атты театрландырылған көрініс, «Отбасылық кинотеатр музейде» қазақ ертегілері туралы анимациялық мультфильмдер топтамасынан көрсетілім қойылды. Сонымен бірге келушілер Алтын Орданың 750 жылдығына орай «Айбынды Алтын Орда» атты тақырыптық экскурсия, Әбу Насыр Әл-Фарабидың 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби әлемі»,  Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай «Абай - дана, Абай- дара» атты тақырыптық экскурсия әлемін тамашалады.
Кеш соңы  жастардың мерекелік  концертіне  ұласты.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 22 ақпан 2020 г. 642 0