ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нариман Мұқышев жұмыспен қамту саласындағы жаңа өзгерістер туралы айтып берді, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, жұмыспен қамту саласында enbek.kz электронды еңбек биржасы жобасы мен электронды еңбек шарттарын есепке алу жүйесі жүзеге асырылуда.
«Еnbek.kz электронды еңбек биржасы арқылы екі жылда 1 млн астам адам жұмысқа орналасқан. Портал ашылған сәттен бері 913 мың жұмыс іздеуші мен 192 мың жұмыс беруші тіркелген. Дәл осы еңбек биржасы ашылған соң еліміздегі жұмыспен қамтылғандар саны 17% артты», - деді вице-министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Өткен жылы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында медициналық ЖОО мамандарына өздері баратын елдімекендерді таңдау мүмкіндігі берілген.
«Бұрын елдімекенді таңдау үшін әкімдіктерге жүгіну қажет еді. Биыл электронды еңбек биржасына мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындарын шығаруды жоспарлап отырмыз. Республика бойынша барлық бос жұмыс орындары осы жүйеге топтастырылады. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен тиісті жұмыс жүргізілді», - деді Н. Мұқышев.
Ал «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі» арқылы бір ғана жеке куәлікпен жұмысқа орналасуға болады.
«Бұрын жұмыс берушінің талабымен бірнеше құжат жинауға тура келетін. Шарттардың электронды түрде сақталуы жұмыс берушілердің шартты басып шығару және сақтау шығындарын, осы процесті жүргізу үшін штатта бірнеше адамның болуы сияқты шығындарын азайтады», - деді вице-министр.
Аталған пилоттық жоба 2018 жылы ашылды және бұл жүйеге 26 мың ұйым тіркелді, 1 млн астам еңбек шарттары енгізілді.
«Бұл жобаның енгізілуі еңбек құқықтарының сақталуына, жалған құжат жасау қаупін азайтуға көмектеседі. Биыл Еңбек кодексіне енгізілген түзетулер қабылданып, шарттарды осы жүйеде жүргізу міндетті болады деп сенеміз. Бұдан басқа, біз қызметкердің жеке ісін автоматтандыру үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді Н. Мұқышев.