Қала тұрғындарының саны бір жылда 1,8%-ға, ауыл халқы - 0,5%-ға артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат Finprom.kz сайтына сілтеме жасап.Жалпы алғанда қазақстандықтардың саны бір жыл бұрынғыдан 1,3%-ға көп. Оның ішіндегі қала тұрғындарының үлесі - 58,5%. Биылғы 1 қаңтардағы көрсеткіш бойынша елде 18,63 млн қазақстандық тұрады, бұл өткен жылдың басындағы санмен салыстырғанда 1,3% немесе 236,6 мың адамға көп. Бір қызығы, бұл жағдайда табиғи өсім 269,6 мың адамды құраған, бірақ Қазақстан көші-қон нәтижесінде 33 мың тұрғынды «жоғалтты». Тұрғындар санының ең көп өсімі Нұр-Сұлтан (+ 5,3%) және Алматыда (+ 3,3%) байқалған. Халық санының төмендеуі алты аймақта, оның ішінде Солтүстік Қазақстан (−1%), Шығыс Қазақстан (−0,6%), Қостанай (−0,5%), Ақмола (−0,3%), Павлодар (−0, 2%) және Қарағанды (−0,1%) облыстарында тіркелген. Қала халқының саны ауыл тұрғындарына қарағанда тез өседі деп күтілуде. Жылдың басында Қазақстан қалаларында 10,89 миллион адам тұрған, бұл өткен жылдың басымен салыстырғанда 1,8%-ға артық. Қала халқының үлесі - 58,5%, бір жыл бұрын 58,2% болған. Қала тұрғындарының санының төмендеуі тек үш облыста, атап айтсақ Алматы (−1,3%), Павлодар (-0,2%) және Ақмола (−0,05%) облыстарында байқалды. Ауыл халқы 0,5 пайызға артып, саны 7,74 миллион адамға жетті. Бұл - Қазақстан Республикасы халқының 41,5 пайызы. Ауыл тұрғындары санының қысқаруы елдің сегіз аймағында байқалды.