Жаңақорған ауданында "Қызылқұм» ЖШС-гі жаңа оқу жылына дейін акцияға қомақты қаржы бөліп, талай балғынды қуантқалы отыр, деп хабарлайды "Сыр бойы" газетінің сайты аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша, елімізде 1 тамыз бен 30 тамыз аралығында «Мектепке жол» атты қайырымдылық акциясының жалғасатыны белгілі. Келешегіміздің тұтқасы - жас жеткіншектеріміздің көңілі жарқын, қабағы жадыраңқы болуына ата-анасы ғана емес, ел экономикасының тынысын ашып, өңіріміздің қойнауындағы қазынаны халық игілігіне жарату жолында табанды жұмыс жүргізіп келе жатқан ірі компаниялардың да үлес қосуын ізгілік пен биік адамгершіліктің үлгісі деуге болады. Осындай еңбек ұжымдарының бірі - аудандағы «Қызылқұм» ЖШС.
Биыл «Қызылқұм» ЖШС бас директоры Әбжаппаров Нұргелді Әлиханұлының шешімімен мекеме есебінен әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларына және 8-15 жас аралығындағы ұландарға Алматыдағы «Тау жанашар» тынығу лагеріне 43 балаға жолдама берілгені жөнінде алдын жазған болатынбыз. Одан өзге бұл мекеме өткен жылы да акция кезінде 100 балаға оқушы портфелі және оқу құрал-жабдықтарын, жалпы 680 000 теңгенің бұйымдарын табыс еткен болатын. Аталмыш мекеме биыл да жаңа оқу жылына дейін акцияға қомақты қаржы бөліп, талай балғынды қуантқалы отыр.
Айта кетерлігі, қайырымдылыққа бағытталған бүкілхалықтық шарада аймақта абыройы басым беделді өндіріс орнының өзгелерден аты озық шығар үлгілі үрдісі талайларға сабақ болса игі.