Ақмола облысының Степногор қаласындағы түзету мекемесінің қызметкері жемқорлық үшін сотталды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2019 жылдың қыркүйегінде Степногор қалалық прокуратурасына жергілікті түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандардың бірінің әкесі шағымданған. Арызданушының айтуынша, ол 2019 жылдың шілдесінде ұлының өтініші бойынша оларға жалпы қамқорлығы мен қолайлы жағдай жасау үшін К. атты азаматқа 400 мың теңге сомасында «QIWI» электрондық әмиянына ақшалай қаражат аударған. Қала прокуратурасы осы фактілерді тексеруді сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тапсырды. 2020 жылдың 21 қаңтарында Степногор қалалық соты азамат К.-ны ҚР ҚК 366-бабында көзделген - пара алу қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған 12 миллион теңге айыппұл салынып, мемлекеттік қызметтегі лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырды.
Сондай-ақ, бұрынғы қызметкер «әділет майоры» арнайы атағынан да айырылды. Үкім заңды күшіне енді. Осылайша, қылмыстық-атқару жүйесі қызметкерінің заңсыз қызметі тоқтатылды. Осы бағыттағы жұмыс одан әрі жалғасады.