Әзірбайжанда келесі жыл Қорқыт Ата жылы болып белгіленді, дейді Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі "Түркістан" газетінің тілшісіне берген сұхбатында.
Д.Қыдырәлінің пайымдауынша, киелі Сырдың бойы бауырлас түркі халықтарының рухани ордасы деп санауға болады.
"Президентіміздің "Сыр – Алаштың анасы” деген сөзі бар. Қазір тәуелсіз алты түрік тілдес мемлекеттер бар екенін білесіз. Сондықтан Сыр өңірі, Ақмешіт жері Алты Алаштың рухани орталығы болуына зор мүмкіндігі бар. Біріншіден, Қорқыт бабамыз. Қорқыт ата Түркі дүниесінің, Оғыздардың абызы деп есептеледі. Қорқыт дегенде түркімендер, әзірбайжандар, түріктер барлығы бас иеді, құрмет тұтады. Қорқыт сондай-ақ, жыр жырлаған абыз ғана емес, осының бәрінің басын біріктірген рухани көсем ретінде қабылданады. Оның музыкасы түркі музыкасының бастауы болып саналады. Оның аңыз-әпсаналары – біздің фольклорлық бай мұрамыздың баға жетпес қазынасы. Сондықтан қазіргі Қызылорда өңірі түркі дүниесі рухани астаналарының бірі, оның діңгегі Қорқыт бабамыз деуге толық негіз бар", - дейді Д.Қыдырәлі.
Оның айтуынша, киелі Сырдың бойы бауырлас түркі халықтарының рухани ордасы деп санауға болады. "Қорқыт атаға байланысты сондай-ақ, Әзірбайжанда үлкен жұмыстар қолға алынып жатыр. Сол елдің Президентінің қаулысымен келесі жыл Қорқыт жылы болып белгіленді. Сонымен қатар Түркімен елі де Қорқыт бабаны үлкен тұлға санайды. Осының бәрі біздің алдымызда Қорқыт әлемін терең тану жолында үлкен міндеттер тұрғанын айқын көрсетеді", - деп атап өтті Түркі академиясының президенті.
Дархан Қыдырәлінің пікірінше, Қызылорданың тек Қорқыт емес, Түркі әлеміне рухани орда болуына тағы бір себеп бар. Ол – Қызылорданың, көне Ақмешіт жерінің Оғыздардың алғашқы орталығы
болуы.
"Жент қаласы - Салжұқ мемлекетінің негізін қалаған Салжұқ бектің
отаны. Осында мемлекет құрып, Жент қаласында алғаш мұсылмандықты
қабылдап, бүкіл Араб елдеріне, Түркияға, Таяу Шығысқа үкімін жүргізген
тарихтағы алып империяның негізі осы Жент қаласында. Егер біз осының
құпияларын аша түссек, Оғыз мемлекетінен тараған ұрпақтарды Сыр бойына
тартуға мүмкіндік табамыз деп ойлаймын. Бұл кезекте Жент қаласында
зерттеу, қазба жұмыстарының жүргізілуі жетілдіріліп, ашық аспан астында
үлкен мұражай жасалатын болса, осының барлығы жаңалыққа айналып, түркі
халықтарының бауырластығын тереңдете түсуге зор қызмет етер еді", - деген ол Қызылорда қаласының сол жағалауы шығыстық үлгіде дамып жатқаны көңілге қуаныш ұялататынын жеткізді.