Арал теңізі маңындағы су басу қаупі жоғары елді мекен тұрғындары көшірілді

Арал теңізі маңындағы су басу қаупі жоғары елді мекен тұрғындары түгелдей көшірілді, деп хабарлайды Қазақпарат Хабар24kz-ке сілтеме жасап.

Қазір Сырдария бойындағы шаруа қожалықтарының төрт түлігі өзге жайылымдарға шығарылып жатыр. Ақлақ су тоспасына секундына 209 текше метр су келіп жатыр. Ол былтырғы деңгейден 2 есеге төмен. Бірақ өзен арнасының теңізге құяр сағасында қалыңдығы 25 сантиметрлік мұз қатып тұр. Сондықтан сең қозғалған сәтте мұз кептелісі болуы мүмкін.

Қорғаныс бөгеттерін нығайтып жүрген сала мамандарының болжауынша судың мол көлемі Арал ауданына наурыздың орта шенінде жетеді. Күндіз-түні өзен жағалаған құтқарушылар 25 техникасымен қыр басында болуы ықтимал төтенше жағдайға дайын отыр. Биыл өзге өңірлер секілді Аралға да қар көп жауды. Салқын ызғар сәл сынған сәтте ақ ұлпа еріп, аудан орталығы көшелеріне су жайыла бастады.

«Арал қаласындағы 216 көшенің 28-сі қауіпті аймақта. Ол жерді қардан тазаладық. Жалпы аудан көлеміндегі, оның ішінде Арал қаласындағы 12 мыңнан астам жеке тұрғын үйдің бірде-бірінің есігінен су кірген жоқ. 2 жарым мың пашын қамыс, 10 мыңның үстінде қап, басқа да инертті материалдар Аманөткел ауылдық округінің базасында тұр. Қосымша 10 тонна дизель, 5 тонна бензин дайын тұр»,-деді Арал ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 17 ақпан 2020 г. 258 0