Екі күнде 12 кездесу: Президенттің Германияға сапары қалай өтті?

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға екі күндік жұмыс сапары өтті. Президент 14-15 ақпандағы Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін осы елге арнайы келді. Сарапшылар бұл сапар «өте жемісті болды» деп бағалады. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев конференциядан тыс әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың және Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен кездесудер өткізіп үлгерді.
Екі күндегі 12 кездесу Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Германияның ірі компаниялары басшыларымен – «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен, «Rhenus SE&Co.KG» компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферспен және «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманнмен екіжақты кездесулер өткізуден басталды. Ірі ауылшаруашылық компаниясының басшысы К.Лутцпен болған кездесуде энергия көздерін қайта қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың басымдықтары егжей-тегжейлі талқыланды. Президент Қазақстанның Германия бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Осы орайда кәсіпкердің назарын еліміздегі энергия көздерін қайта қалпына келтіру және тыңайтқыштар өндіру бағытының әлеуетін арттырудың маңыздылығына аударды. Михаэль Виферспен кездесу кезінде көлік-логистика саласы бойынша бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары пысықталды. 
 Мемлекет басшысының Патрик Видеманнмен өткізген кездесуінде Қазақстанда бос ыдыстарды қайта айналымға жіберудің кепілдік-қайтарымдық жүйесі жөніндегі жобаның жүзеге асырылу қадамдары сөз болды. «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басшысы материалдар мен қалдық заттарды қайта өңдеу саласында тиісті экожүйе құру үшін Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесіп, келіссөз жүргізді.
 Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды. Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Канада үкіметінің басшысы саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Президентінің күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтық қоғам мен демократияны дамыту саласына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
14 ақпан түстен кейін Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Хосе Анхель Гурриамен кездесу өткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізуге, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысында аталған беделді ұйыммен белсенді ықпалдастықты жалғастыруға баса мән беретінін айтты. Өз кезегінде А. Гурриа Қазақстанмен арада ынтымақтастық байланыстар нығайып келе жатқанын атап өтті.
 «Мен бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын. Біз көптеген министрлермен бірлесіп жұмыс істедік. Осы орайда қарым-қатынастың жыл санап дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Бүгінгі кездесуге шын жүректен қуаныштымын. Биыл ынтымақтастығымыз одан әрі өрлей түседі деген сенімдемін», - деді Анхель Гурриа.
Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Мюнхенге жасаған жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті. Әзербайжан Президенті биыл екі елдің қарым-қатынасы жемісті болатынына сенімді екенін атап өтті. «Көптеген бірлескен жобалар іске асырылуда. 2020 жыл да екі елдің байланысы үшін табысты болады деген сенімдемін. Тауар айналымын арттыруды көздеп отырмыз, сондай-ақ транспорт, туризм саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Екі ел арасында тығыз байланыс орнаған», - деді Ильхам Әлиев. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Сонымен қатар, 15 ақпан күні түске дейін Қасым-Жомарт Тоқаев алты кездесуді қатарынан өткізді. Осы орайда Кувейттің Премьер-Министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен , «Siemens AG» компаниясының атқарушы директоры Джо Кэзермен, «Eurasia Group» зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен пікір алмасты.
Мұнымен қоса, Қазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесуге айрықша мән берді.
Мюнхен конференциясы Жұмыс сапарының бірінші күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының ресми ашылу рәсіміне қатысты. Аталған іс-шараға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар, Еурокомиссия өкілдері, сондай-ақ Еуропалық парламент депутаттары келді. Конференция күнтәртібінде «ЕО мен НАТО болашағы», «Киберқауіпсіздік», «Денсаулық сақтау мәселелері», «Сауда соғыстары мен санкциялар», «Жалған ақпарат, насихат пен күмәнді жаңалықтар», «Таяу Шығыстағы ахуал», сонда й-ақ Еуропалық одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастар тақырыптары талқыланды. Айта кетейік, жыл сайын форумға әлемнің 70 елінен 400-600 адам қатысып келеді. Олардың арасында мемлекет және үкімет басшылары, әскери әрі саяси көшбасшылар, министрлер кабинетінің мүшелері, парламент депутаттары, ғалымдар, саясаттанушылар, азаматтық қоғам өкілдері қамтылды. 1990 жылдан бері конференцияға Ресей мен Шығыс Еуропаның елдері, Қытай, Үндістан, Жапония өкілдері шақырту алуда. Шараның тақырыптары үнемі өзгеріске ұшырайтын қауіпсіздік саясаты талаптарына сәйкес түрленіп тұрады. Мюнхен конференциясын өткізудің алғашқы жылдарында бірінші кезекте Еуро-Атлантикалық аймақтағы қауіпсіздік қатерлерін болдырмауға назар аударылды. Алайда, кейіннен жаңа аумақтар мен басқа да мәселелер күн тәртібіне енгендіктен, конференцияның мүдделер спектрі кеңейе түсті. Конференцияның екінші күніндегі «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбындағы өткен панельдік пікірталас кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдермен өзара тиімді қарым-қатынас туралы айтты.
Мюхен конференциясында Сириядағы қақтығыстардың туындауы мен осы дағдарысты шешудің мән-жайы егжей-тегжейлі талқылаудан өтті. «Бұл күрделі мәселенің түйінін шешуде Астана процесінің орны ерекше. Осы орайда өзінің елордасында қолайлы алаңды ұсынғаны үшін Қазақстанға шынайы алғысымызды айтамыз. Астана процесі жұмысын жақсы бастады, сондай-ақ қазіргі уақытта да ең тиімді алаң болып тұр», - деді С.Лавров.
Сонымен қатар, Ресейдің Сыртқы істер министрі Астана процесі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын ілгерілетуде БҰҰ-ға қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.

inform.kz

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 ақпан 2020 г. 585 0