Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген Нұрзат Сабыровтың (10-0, 9КО) алдағы жекпе-жектегі қарсыласы ауысты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасындағы ақпаратқа сүйенсек, Н.Сабыровтың келесі айқасы 21 ақпанда Канаданың Римуски қаласында өтетіні жоспарланған. Әу баста оған қарсылас ретінде 35 жастағы аргентиналық Элио Герман Рафаэль (15-3, 9КО) белгіленген болатын. Енді BoxRec.com сайтында оның оппоненті ретінде Мексика өкілі «Тайсон» лақап атымен белгілі 30 жастағы Рикардо Адриан Луна Флорес (22-7-1, 14КО) көрсетілген. Кездесу жартылай орта салмақта өтеді және сегіз раундқа есептелген. Айта кетсек, Флорес 2014 жылы орта салмақтағы WBA Regular чемпионы жапондық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жұдырықтасқан болатын. Онда төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіс Р.Муратаға берілді. Бұған дейін хабарлағынымыздай, Нұрзат Сабыров Boxrec.com беделді сайтындағы ұпайларға сәйкес қазақстандық үздік 10 боксшының қатарына енді.