Сиеста – түстен кейінгі 20 минуттық демалыс

Балабақшада немесе шипажайда түскі астан соң аздап ұйықтап алуға "демалыс уақытын" жариялайды. Бұл жалқаулықтан ойлап табылған нәрсе емес, денсаулыққа пайдалы дәстүр екен. Адамдардың арасында "үкілер" мен "бозторғайлар" бар: біреулерге алты сағаттық ұйқының өзі жеткілікті болса, басқаларға он сағат та аздық етеді. Адам қажет ететін ұйқы мөлшері тұқымқуалаушылықпен беріледі. Ал күндізгі ұйқыға бейімділік – дара ерекшелік. Күндізгі ұйқыға тек климаты өте ыстық елдердің тұрғындары ғана мұқтаж емес. Түстен кейін көпшілік адамның ұйқысы келе бастайды. Мамандардың айтуынша, егер бұл қажеттілікті қанағаттандырса, зейін қоюды, есте сақтауды және шығармашылық мүмкіндікті арттыруға болады.
Сиеста ( испанша Siesta) деп түскі астан кейінгі демалу уақытын айтады. Оңтүстік елдерде оның дәстүрге айналып кеткені соншалық сол уақытта банктер, дүкендер және кей кафелер жабылып қалады. Бұл уақытта көшелерде адамдар өте сирек кездеседі. Алайда бұрын түстен кейін аз уақыт ұйықтап алу басқа елдерде де болды. Заман өзгергендіктен қазіргі қарбалас өмірде түстен кейін ұйықтауға мүмкіндік жоқ. Алайда ғалымдар сиестаны зерттеп, оның адам ағзасына тигізер пайдасының көптігін жиі айтады. Гарвард университетіндегі психиатриялық сауықтыру орталығының директоры әрі психолог Билл Энтони бұл "күндізгі үзілісті" он жылдан аса уақыт зерттеп келеді. Бұл демалыстың миды "қайта жүктеуге" және одан кейін жаңа ақпаратты жақсырақ сіңіруіне мүмкіндік беретіні анықталған.
Басқа зерттеулер түстен кейін 20 минут ұйықтау зияткерлік еңбек өнімділігін шамамен 20%-ға арттыратынын көрсеткен. Зерттеушілердің ойынша, ұйқының бірінші фазасы (түс көрмейтін уақыт) түрлі ақпаратты жаттау үшін маңызды. Сондай-ақ оны кейін еске түсіру оңай болады. Ал егер адам ұйқының түс көретін келесі фазасына көшіп кетсе, "жеңіл жаттау" әсері өшіріледі. Ғалымдар бұл құбылыстың мұндай механизмін әзірге толықтай түсіндіре алмауда. Түстен кейінгі ұйқы тек ми мен жүйке жүйесіне ғана емес, сондай-ақ жүрек жұмысына да пайдалы екен. Афина медициналық мектебі мен Гарвард қоғамдық денсаулық мектебі бірігіп, Димитрос Трихопулос және Андроник Наска ғалымдарының басшылығымен сиеста дәстүрлі өмір салты болып табылатын аймақтардағы 23 681 адамға зерттеу жүргізеді. Зерттеуге қатысушылардың бір тобы аптасына 3 реттен аз емес ұйықтайды, екінші топ арасында ғана демалады, ал үшінші топ мүлдем ұйықтамайды. Ғалымдар бұл адамдарды 6 жыл бойы бақылағанда мынадай нәтиже байқаған: уақытылы түстен кейін ұйықтау жүрек проблемасынан қайтыс болу қаупін 37%-ға азайтады. Ғалымдар мұндай маңызды хабарлама жасауды әзірге тоқтатып, түскі ұйқының ағзаға әсерін әлі де толықтай зерттегілері келетінін айтқан. Жүрек-қан тамырлары аурулары туралы біле жүріңіз Мүмкіндік болса, түстен кейін 20-30 минут ұйықтап алу пайдалы. Бірақ одан көп ұйықтап қойсаңыз, жағымсыз салдарлар орын алады. Себебі терең ұйқы фазасына еніп кетсеңіз, оянған кезде басыңыздан ауырлық сезініп, әлі де маужырап тұруыңыз мүмкін. Мамандардың айтуынша, түстен соң ұйқы қысқан кезде 5 минут демалып алуды да үйренуге болады. Ол үшін 5-10 минутқа оятқыш қойып, денеңізді босатып, көзіңізді жұмып жатыңыз. Уақыт өткені туралы белгіні естігенде орныңыздан тұрып, қол-аяғыңызды қозғап, созылып, су ішіп алыңыз.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2020 г. 629 0