Елордалық өнерпаз ғимараттарға ерекше ажар берудің тәсілін тапты

Астаналық өнерпаз Алмаз Дүйсебаев Photoshop графикасы арқылы елорда ғимараттарын жерасты көріністері арқылы басқаша қырынан көрсетті. Тылсымға толы ерекше фотосуреттер әлеуметтік желілер көмегімен лезде таралып, жұртшылықтың қызығушылығын танытты. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі компьютерлік шығармашылық туындылардың авторымен тілдескен болатын.
«Жақында болған боран, бұрқасын күндері мен суретке түсіп, үйге келген соң көңілдірек болуы үшін оған пингвин және аюдың суретін қостым. Оны Facebook, Instargam әлеуметтік парақшаларыма жүктедім. Кейін байқалғандай, бұл көп адамдарға ұнап, «лайк» басып, пікірлерін қалдырды. Содан соң Нұр-Сұлтандағы ғимараттарды Photoshop арқылы басқаша көрсету идеясы келді. Жалпы мұндай шығармашылық жұмыстарды бұрын шетелдік пабликтерден көргенмін. Сол есіме түсіп, елордадағы бірнеше ғимаратты таңдап алдым. Оның үстіне Нұр-Сұлтан басқа қалаларға қарағанда өзіндік архитектуралық стилімен ерекшеленеді. Басында 1-2 ғимаратқа Photoshop редакциялау арқылы басқаша жан бітіріп көрдім. Көп адамдар жазып, өз пікірлерін білдіріп жатты. Ұнатқан адамдардың саны көп болды, дегенмен «қорқынышты көрінеді» дегендер де табылды», - дейді Алмаз Дүйсебаев.
Астаналық өнерпаздың шығармашылық нысандарының қатарында елордадағы Ақорда, Бейбітшілік және келісім сарайы, Ұлттық архив ғимараты, ЭКСПО, «Хан шатыр» ОСО, Jýsan Bank, Астана LRT, «Қазақконцерт» ғимараттары бар.
«Бұл жерде өнерпаздық талғамнан бөлек, фотошоппен жұмыс істеу білу маңыздырақ. Айтар болсақ, бір ғимараттың суретін дайындауға 1-2 сағат уақыт жұмсалады. Осылайша бір күнде 2-3 ғимаратты әзірлеп шықтым. Осыдан соң ұсыныстар да келіп түсе бастады. Жақында балаларға арналған фильм түсірушілер өз туындыларының ішінде фэнтези стилінде менің жұмыстарымды қолдануды сұрады. Бірақ менің жұмыстарым фильм деңгейіне жетпейді, ол үшін басқа форматта жасап жетілдіру қажет. Әзірге фильм түсірушілер ойланатындықтарын айтты», - дейді ол.


ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2020 г. 600 0