Мұнай-химия саласының жас ғалымы

Жастар – кез келген қоғамның болашағы мен қозғаушы күші. Бұл оймен дауласудың өзі артық. Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жас­тар буыны, ал бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұм­ты­лысы мен ынтасына бай­ла­нысты.
Өскелең ұрпақ заман сұра­нысына сай бейімделуге, кей­де әлемдік дамудың алдын алуға, тілдерді меңгеруге, зама­науи ІТ-технологиясын, робото­тех­никаны игеруге баса назар ау­даруда.
Біздің жастар академиялық білім деңгейі бойынша АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Авст­ралия, Израиль, Швеция, Польша, Ма­лайзия, Түр­кия және тағы бас­қа ел­дердегі заман­­дас­та­ры­нан озық.
№11 мектеп-лицейдің 2008 жылғы түлегі Нұрболат Құдай­бер­­генов – органикалық химия, метал­ком­плекстік катализ және мұнай-химия саласы бо­йын­ша жас ғалым. Ол 2012 жылы әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің «Органикалық заттардың хи­мия­лық технологиясы» маман­дығы бойынша бака­лав­риа­тын аяқтаса, 2019 жылы аталған уни­вер­ситеттің «Органикалық зат­­тардың химиялық тех­но­ло­гиясы» мамандығы бойынша PhD-док­то­рантурасын бітірген. Нұрболат Жарылқасынұлының ғы­лыми ба­ғыты әл Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­теттің жанындағы «Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орта­лығында» бел­гілі ғалым х.ғ.д., профессор Х.Суер­баевтың бас­шылығымен қалып­тасты.
Былтыр Нұрболат «Кө­мір­­тегі оксидтері негізіндегі ката­литикалық синтездер» та­қы­рыбында PhD-док­торлық дис­сертациясын сәтті қорғап, «Орга­никалық заттардың химиялық технологиясы» маман­дығы бо­йынша философия докторы (PhD) дәрежесін алды.
Ағылшын тілін еркін мең­гер­ген және ғылыми бағыты бо­йынша Каунас техно­ло­гия­лық университетінде және 2018 жылы Ка-Фоскари Ве­неция уни­­вер­­ситетінде ше­телдік та­ғы­­­лымдамадан өтті. Оның  нә­ти­­жесі бо­йынша Нұрболат Жа­­рыл­­­­­қасынұлы  шетел­дік кол­ла­бо­­­ра­торлардың оңды пікірлеріне ие болып, ұзақ та нәтижелі ғылыми байланыстар орнатты.
Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке то­лас­тамайды. Жаңа заман тәуелсiз ел мұраты – жастардың бiлiм мен бiлiктiлiкке талпынып әрекет­тенуiн, еңбектенiп өсуiн талап етiп отыр. Алдағы уақытта Нұрболаттың бұдан да биік белестерді бағын­ды­ратынына се­німіміз мол.

З.ЕСХАНОВА,
№11 мектеп-лицейінің мұғалімі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 16 ақпан 2020 г. 578 0