Ашықтық алға жетелейді

Бейсенбі күні облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қоғамдық кеңес мүшелері алдында есепті кездесу өткізді. Онда Үкімет қаулысымен бекітілген 2019-2022 жылдарға арналған облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және тұрғын үй құрылысы бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды.
Аймақ басшысы былтыр өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қар­қынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізілгенін мә­лімдеді. Атап айтқанда, жалпы экономикалық дамудың 7 көрсеткіші бойынша Қы­зылорда  үздік 8 облыстың қатарында.
Былтыр аймақ экономикасына 400 млрд теңгеден астам инвестиция салынып, 2018 жылға қарағанда 17,4 процентке артқан. Осылайша Сыр өңірі инвестициялар өсімінің қарқыны бойынша жоғары өсу динамикасы бар үздік 4 аймақтың қатарында келеді. 19 әлеуметтік нысан құрылысының 11-і былтыр аяқталса, қалғаны биыл іске асады деп жоспарлануда.  Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 9,3 процентке артқан.
Қолданыстағы кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі 2012 жылдан бастап азайып келеді. Алайда, статистика мәліметі бойынша мұнай өндірудің жыл сайынғы төмендеуіне қарамастан, былтырғы 9 айда 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда облыста жалпыөңірлік өнім 102,4 процентті құраған.  Осы орайда облыс әкімі мұнай өндірудегі шығын салдарын жою мақсатында шикізаттық емес секторды әсіресе, экспортқа бағытталған өндірістерді дамытуға ден қойылғанын айтты.
–Соңғы төрт жылда өңдеу өнеркәсібінде еңбек өнімділігі 2,8 процентке, ал шикізаттық емес экспорт көлемі шамамен 19 процентке артты. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтеміз. Осы жылы ас тұзын өңдеу және йодтау зауытын іске қосамыз. Сонымен бірге жылына 4 мың тонна балық өңдейтін цехты, қуаты 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосу, ірі қара мал өсіретін кешенді аяқтау жоспарда. Бұдан бөлек, түйе сүтінен құрғақ сүт шығаратын, шыныпластикалық желілік және жоғары қысымдағы сорғы-компрессорлық трубалар өндірісінің құрылысы басталмақ, – деді облыс әкімі.
Айнұр Батталова.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 ақпан 2020 г. 332 0