Қызылордада жұмыссыздық деңгейі төмендеді

Қызылорда облысында өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға төмендеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық қоғамдық кеңес алдында есеп берген облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов Қызылорда облысында өткен жылы жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайызға төмендегенін атап өтті. Жергілікті билік кәсіпорындарда қызметкерлерді жаппай қысқартуларды болдырмауға және бұл көрсеткішті бірнеше жыл қатарынан 4,8 пайызбен орта республикалық көрсеткіштен асырмауға нақты жұмыс жасады. Қабылданған жүйелі шаралардың нәтижесінде соңғы 3 жылда жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің саны 24 пайызға, шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандардың саны – 7,5 пайызға, ал, салық түсімдерінің көлемі тек соңғы жылдың өзінде шамамен 11 пайызға артқан. Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен өндірілген өнім көлемінің үлесін арттыру қажеттігіне тоқталды. «Президенттің тапсырмасына сәйкес, шағын және орта бизнестің өңірдің өндірілген өнімдегі үлесі 2025 жылы 35 пайыз болуы тиіс. Ал бізде, өткен жылдың 9 айы бойынша 16,5 пайыз ғана. Мұнымен қоса бейресми жұмыспен қамтылғандар жұмыссыздық деңгейін төмендетуге, салық түсімін арттыруға кері әсер етіп отыр. Ендігі бір, мәселе, ол бейресми жұмыспен қамтылғандарды заңдастыру, рәсімдеп, тіркеуге алу», - деді облыс әкімі.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 14 ақпан 2020 г. 266 0