Сыр өңірінде жағалау туризмі жанданбақ Сыр өңіріндегі Қамбаш көлінің жағасынан ерекше сәулетті қонақ үй құрылысы басталды, деп хабарлайды 24.kz.
Бұл – мөлдір әрі шипалы айдынға келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында қолға алынған шара. Тынығып, бой сергітуге арналған кешен күзге таяу пайдалануға берілмек.
Сусыған құмның ортасындағы көрікті көлді көруге асығатындар аз емес. Әр жаз сайын Қамбаш жағалауларында мыңдаған жан мәнді демалыс өткізуге ниетті. Қиыршық құмына қыздырынып, шипалы суына шомылып кетушілер еліміздің әр аймағынан ағылуда. «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автодәлізімен сапар шеккендер де көл жағасында салқындауды үрдіске айналдырған.
Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлнұр Қосекеева: "Біз Қарағандыдан қыдырып келіп отырмыз. Қамбаш көлі бізге ұнап жатыр. Бұл – біздің алғаш келуіміз. Осы жерді Ыстықкөлдей көтерсе екен дейміз", - дейді. Демалуға келген Қарағанды қаласының тағы бір тұрғыны Бибінұр Қазыбай: "Қамбаш көлінің суы тұзды әрі адам денсаулығына пайдалы. Бір жағынан осы жерде туризмді дамытса, шетелге таныстырса, халық көп жиналады", - дейді.
Әзірге көк айдынның жағасында қаз-қатар тігілген киіз үйлер тынығушыларға қызмет көрсетуде. Дегенмен көп ұзымай осы маңда бой көтеріп жатырған алып пансионат іске қосылады. Құрылысы өткен жылдың шілде айында басталған 100 орындық демалыс орны күзде қонақтарға есігін айқара ашады.
Құрылыс компаниясының өкілі Нұрлан Баймағанбетов: "Жалпы құрылыс алаңы 5668 шаршы метр. Ал жалпы көгалдандыруымен 13 гектарды құрайды. Бұл кешенде барлық жағдай қарастырылған. Бассейн, тренажер, веложол, стадион барлығы қамтамасыз етілген", - деді.
Бұл нысан әйгілі Жібек Жолының бойымен арлы-берлі жол тартқан жолаушылар аялдайтын орын боларына сенімді мамандар. Сондай-ақ аймақта экотуризмнің дамуына ықпал етпек.