Бабадан қалған мейрам емес

  Қазақ халқы бұрыннан баласын үш сөзбен-ақ тәрбиелеген. «Жаман болады», «Ұят  болады» және «Обал болады». Бұл үш сөздің ұлағаты тереңде жатыр. Қазір біз ашық ақпараттық толқын заманындамыз. Әрбір мемлекеттің өркениеті, дәстүрі әлемдік желіде бәріне қолжетімді. Әсіресе, интернеттегі мұндай толассыз ақпаратты жастар көбірек алып жатыр десек те болады.

Бүгінде барлығы емес, бірақ бірқатар замандастарымыз 14 ақпан - «Әулие Валентин» күнін тойлауды дәстүрге айналдырған. Сүйіктісіне сыйлық жасап, кешкі асқа шақырып тіпті дәл сол күні отбасын құруға ұсыныс жасауды да жөн көреді. Бірақ олар бұл күннің тарихын біле ме?

Осы күннің тарихына шолу жасайықшы. Христиан діндарларының аңыздарында үш Валентин туралы айтылады.

Біріншісі, Рим императоры Юлий Клавдийдің сарбаздардың үйленуіне тыйым салған заңын бұзып, некелескені үшін өлім жазасына бұйырылған адам. Осы оқиғадан 200 жыл өткеннен кейін екінші император Геласиустің шешімімен «Әулие Валентин» күні мерекеленген.

 Екінші, діни аңыздардың бірінде Валентиннің дін қызметкері екендігі, христиандарға көмектескені үшін түрмеге қамалғаны, осында жатып оның түрме қызметкеріне ғашық болғаны, оның жазаға тартылып, басының шабылғандығы айтылады.

 Ал енді үшінші Валентин ешкімге ғашық болмаған. Христиан дінінің қызметкері болған оның не үшін жазаланғаны белгісіз. Тек ол өлім жазасына кесілгеннен кейін «Әулие» деп жарияланған.

Бұл оқиғалардан қандай мән, ұлағат, тәрбие алуға болады. Қазақ тарихымен қандай үндестігі бар? Сондықтан мәселеге тереңірек бойлау қажет деп ойлаймын. Қазір жастардың санасы ашық. Басым көпшілігі бұл күнді елемейді. Бірақ ұмыт болып бара жатқан күні кейбір ресторандар, сауда орындары жеңілдіктер жасап, жарнамалық жұмыстар жүргізеді. Бұл қайтадан сананы улау деп есептеймін. Осы мәселеге кәсіпкерлер де түсіністікпен қарап, қайта ұлттық мейрамдарын насихаттағаны абзал.

Біз барлық адамның құқығы тең елде өмір сүрудеміз. Әрине тойлаймын деген адамның өзінің еркі. Бірақ адам бір-бірін, тіпті сүйгенін бір күнде ғана емес күнде сыйлауы, құметтеуі қажет деп ойлаймын. Себебі адам бір күн ғана емес күнде мейірімді болғаны дұрыс.



Талғат ТІЛЕС,

Қызылорда облыстық «Jas Otan» жастар қанаты төрағасы.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 13 ақпан 2020 г. 726 0