«Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында жаңа нысандар іске қосылды

 «Өнімділік-2020» бағдарламасы аясында жаңа нысандар іске қосылдыЕңбек өнімділігін арттыру жолымен кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін шыңдаған «Өнімділік-2020» бағдарламасы өндірістік секторды жаңғыртудың тиімді тетігі болып тұр. Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы қиыршық тас зауыты кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтіп, өнімін әртараптандырмақ. Қаратау етегінде енді әк және силикат қыш шығаратын кәсіпорын ашылмақ. 100-ден астам адам жұмыспен қамтылатын қос зауыттың бизнес-жоспары «Өнімділік-2020» бағдарламасы арқылы жасалды, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.
Қарт Қаратаудың қойнауы пайдалы қазбаға өте бай. Әктің 30 миллион тоннаға жуық мол қоры осы жерден табылып отыр. Бірақ, соған қарамастан аймақта әк шығарылмайды. Өңірдегі ақтау-әрлеу жұмыстарына қажетті құрылыс материалының 90 пайызы Өзбекстаннан тасымалданады. Бүгінде шартарапқа жөнелтіліп жатқан Қаратау қиыршық тасының ең майда фракциясы әктің негізгі шикізаты. Бір айдың көлемінде ашылуы жоспарланған зауыт өніміне деген сұраныс қазірдің өзінде жоғары.
Жоба жетекшісі Ермек Хасанаев: "Біз мысалы, жылына 60 мың тонна шығарамыз деп отырмыз. Қазіргі таңда жылына 150-200 мың тоннаға келісім-шартымыз бар жасап қойған. Қазір мекемеде 100 адамдай жұмыс жасайды. Әк зауыты іске қосылса, тағы 75 жұмыс орны ашылады. Силикат қыш зауыты ашылса, оған тағы 50 шақты жұмыс орны ашылады", - дейді.
Аймақтағы кәсіпорындарды басқару, өндірістік технологияларды жетілдіру және жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту бағытында туындаған мәселелер Өңірлік кәсіпкерлік палата қызметкерлерінің үнемі назарында болады.
Қызылорда облысының кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Руслан Досмаханов: "Ең күрделі проблеманы айтар болсақ, кадр мәселесі бар, қаражат жетіспеушілік мәселесі бар. Сол жағынан біз мемлекеттік бағдарламалар: «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020», «Өнімділік-2020» бағдарламасы бойынша қандай мемлекеттік қолдау көздерін қазір анықтап, сол бойынша жұмыс істеп жатырмыз", - деді.
Қиыршық тас пен әк өндіру зауытына мемлекеттік қолдау ретінде 50 миллион теңгеге электр тоғы жеткізілсе, ал силикат қыш өндірісіне индустриалды аймақтан тегін жер беріліп отыр.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 тамыз 2014 г. 1 002 0