«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып белгілі медиаменеджер Бибігүл Жексенбай сайланды, деп хабарлайды
ҚазАқпарат ұйымның атқарушы директоры Әсем Еселбаеваға сілтемемен.
«Бүгін «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің есеп беру - сайлау конференциясында бірлестік президенті мен басқарма мүшелерінің жаңа құрамы сайланды. Клуб президенті ретінде Қазақстан журналистикасы академиясының академигі, белгілі медиаменеджер Бибігүл Жексенбай кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Ерлан Бекхожин президенттіктен ұйымның жарғысына сәйкес, өкілеттілігінің мерзімі аяқталуына байланысты босатылды» делінген хабарламада.
Сондай-ақ, хабарламада Бас редакторлар клубының мүшелері бірлестіктің вице-президенттерін бірауыздан сайлағаны айтылады. Олардың ішінде – «Әділет.Рухани жаңғыру» республикалық газетінің бас редакторы Мұратбек Тоқтағазин, «Sakhara» республикалық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторының бірінші орынбасары Кенжеболат Жолдыбай, «Казахстанская правда» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Вячеслав Пащенко, «Sport»-«Спорт» республикалық газетінің бас редакторы Дүйсебай Дүрәлі, белгілі блогер Ғалым Байтұқ бар.