Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін

 Сыр өңірінде халқымыздың ұлы перзенті Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтуге арналған шаралар «Абай» спектаклінен бастау алды. Биыл бірқатар ауқымды мәдени жиынның негізгі тақырыбы да ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы ұлы ақын мерейтойына қатысты болмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Мира Әбуова тарқатып айтты.

Сондай-ақ, бұл жылы хәкім то­йымен қатар көшпенділердің алып империясы – Алтын Орда­ның 750 жылдығына, екінші дү­ние­жүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жыл­дығына орай түрлі дең­гейдегі мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылады.

– Нартай Бекежанов атындағы облыс­тық қазақ академиялық музы­калық драма театрында «Абай» спектаклі ай сайын қойыл­мақ. Сондай-ақ, Әбділда Тәжібаев атын­дағы облыстық әм­бебап-ғы­лыми кітапханасында «Ке­мең­герліктің биік шыңы – Абай» та­қырыбымен кеңейтілген тұрақты көрме ашылды. Осы айдың 12 ақпан күні Салихитдин Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында ұйымдастырылатын Абай Құнанбайұлының және Алтын Орданың мерейтойына арналған «Қанат жайған руханият» атты тақырыптық көрме өтеді, өңір тұрғындарын соны тамашалауға шақырамын. Айта кету керек, Абай Сырда өмір сүрмегенімен, бізде портреттері және өзі пайдаланған шағын шкафы сақталған, – деді Мира Рақымжанқызы.

Ұлы ақынға қатысты жәді­герлер өзі туып-өскен Семей өңірін­дегі мұражайларда көбірек жинақталатыны рас. Сондықтан облыс халқының Абай әлемімен жақын танысуы үшін 21 ақпаннан бастап Семей қаласынан арнайы шақыртумен «Жидебай-Бөрілі» мем­лекеттік қорық-музейі Сыр еліне келеді. Он күн бойы «Абай – дана, Абай – дара қазақта» көш­пелі көрмесі өткізіледі. Ақын мерейтойына арналған ауқымды шара­лардың бірі – «Даналыққа құр­мет, ерлікке тағзым» атты республикалық ақындар айтысы болмақ. Бүгінде барлық облыстарға жыр додасы туралы хабарландыру таратылып, қатысатын ақындар тізімі жасақталған.

Мерейтой аясында алғаш рет Қызылордада Ахмет Жұбанов, Латиф Хамидидің «Абай» операсынан үзінді қойылып, «Көзімнің қарасы» атты облыстық воколистер конкурсы өткізілмек. Солистердің бар­лығы облыстық филармония әншілері мен студенттер. Жанды дауыста өткізіліп, үлкен шеберлікті талап ететін операға дайындық жұ­мыстары қарқынды, Шымкент қаласынан арнайы режиссер де шақырылған.

Сондай-ақ, биыл аймақта ком­­позитор, Қазақстанның еңбек сіңір­­ген қайраткері Кеңес Дүйсе­ке­ев атындағы І халықаралық «Туған жер», әнші-композитор Б.Шө­кенов атындағы «Отан-Ана» респуб­ликалық конкурс­тары, Ұлт­тық домбыра күніне орай «Ға­сырлар пернесі» атты рес­публикалық күйшілер байқауы және дәстүрлі «Жүрек жылуы» мүм­кіндігі шектеулі балалар мен жастардың фестивалі өткізіледі.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 11 ақпан 2020 г. 400 0