Қытайда коронавирус туралы алғаш рет ескерту жасаған, ҚХР үкіметі тарапынан елді дүрліктіретін жалған ақпарат таратты деп айыпталған офтальмолог Ли Вэньлян коронавирустың құрбаны болды. 34 жастағы дәрігер Ухань қаласының орталық ауруханасында қызмет еткен. Ол 11 қаңтарда Weibo әлеуметтік желісінде жөтел мен қызуы көтерілгенін жазған. Дәрігер 1 ақпандағы соңғы хабарламасында оған коронавирус диагнозы қойылғанын хабарлаған. 2019 жылдың 30 желтоқсанында дәрігер WeChat әлеуметтік желісі арқылы әріптестеріне Уханьдағы Хуанан теңіз өнімдерінде атипті пневмонияның (SARS) 7 адамда анықталғаны туралы жазған. Әріптестеріне ол вирустан қорғайтын киім киюін ескерткен. Ли сол кезде аурудың себебі коронавирустың жаңа штаммы екенін білмеген. Лидің хабары әлеуметтік желілерде тез тарала бастады, себебі адамдар SARS қайта оралды деп қорыққан. Келесі күні Ли мен тағы жеті дәрігерді полияция бөліміне шақырған. Оларға қоғамдық тәртіпті бұзуы мүмкін мұндай “жалған хабарламаларды” таратпау керектігі талап етілген.
Алайда, 31 желтоқсанда-ақ Қытай үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Уханьда пневмонияның белгісіз түрі пайда болғандығын ескерткен. Сарапшылар бұл коронавирутың жаңа түрі екенін анықтады. Полицейлер шақыртқаннан 1 апта өткесін дәрігер Ли глаукомамен ауыратын науқасты емдеген. Ол науқастан жөтелу, тыныс алуында қиындықтар сияқты коронавирус белгілерін болмағасын, жаңа вирус түрімен ауыратын науқас деп ойламаған. Шын мәнінде ол коронавирусты тасымалдайтын науқас болып шыққан. 10 қаңтарда дәрігер Ли жөтеле бастаған, келесі күні оның қызуы көтеріліп, екі күннен кейін ауруханаға жатқызылады. Көп ұзамай оның ата-анасы да ауруханаға жатқызылған. Коронавирустың жаңа түрі ресми түрде анықталғасын Ухань әкімшілігі Дәрігер Лиден кешірім сұраған. Қазір Қытай әлеуметтік желісінде оның оқиғасы қызу талқыланып, адамдар оны “қаһарман, мұндай вирустың алдын алу үшін Ли сияқты 10 миллиондаған дәрігер керек деп жазып жатыр”. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бүкіл әлем бойынша вирус жұқтырғандардың саны 28 018-ге жеткенін айтты (соңғы күнде 3702-ге өскен). Олардың 565-і қайтыс болған. Қазіргі уақытта коронавирус Қытайдан басқа 23 елде анықталды. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны – 201 адам (Жапонияда 45, Сингапурда 28, Таиландта 25, Оңтүстік Кореяда 23 және Австралияда 14). Олардың ішінде Филиппин мен Малайзияда екі адам қайтыс болды. Өткен тәулікте 300-ге жуық адам вирустан айыққан. Вирус басталғаннан бері емделгендердің жалпы саны Қытайда 1153, әлем бойынша 1208-ге жетті. Айта кетейік, осыған дейін Уханьдағы әйел хикаясын жариялаған болатынбыз. Ван есімді Ухань қаласының тұрғыны отбасына ешқандай көмек берілмей жатқандығы туралы ВВС-ге сұхбат берген-ді.