Қызылордада «Абай қазынасына саяхат» клубы ашылды. Оған ұлы ақынның мұрасына ерекше қызығушылық танытып жүрген азаматтар мүшелікке қабылданды. Бұл жағымды жаңалық облыс орталығындағы «Достық үйінде» өткізілген мәдени шара барысында белгілі болды. Клубқа Абай мұрасына ерекше қызығушылық танытып жүрген 35 адам қабылданды.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ұйымдастыруымен өткен мазмұнды шара барысында бірқатар азаматтар ой-пікірін білдірді. Олардың қатарында филология ғылымының кандидаты, доцент, абайтанушы Сара Бақтиярқызы, ұлы ақынның 200 өлеңін жатқа білетін жас филолог Елена Пак, Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин, Абайдың бейнесін әсем бейнелейтін жас қылқалам шебері Жайна Балықбаева және өзге де азаматтар бар.
Ұлы Абайдың шығармашылығы туралы абайтанушы Сара Бақтиярқызы сөз сөйлеп, дала данышпаны атанған тұлғаның мұрасы жөнінде өз пікірін білдірді. Жас ұрпақты Абайдай дананың кәусар бұлағынан сусындап өсуге шақырды. Қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Александр Абанин Абайдың Пушкин, Лермонтовпен ұштастырған бейнесі жөнінде ой бөлісті.