Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қалаға қарасты елді мекендерді аралап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігімен, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысымен танысуда, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.
Қала басшысы болған Қызылжарма ауылдық округінде 7000-ға жуық тұрғын бар.
Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отырған ауылдардың бірі Қызылжарма.
Жалпы тұрғындардың ішінен мемлекет тарапынан 2014 жылдың ІІ тоқсанында балалар жәрдемақысын 134 отбасы немесе 402 адам, тұрғын үй көмегін 28 отбасы немесе 122 адам, атаулы әлеуметтік көмекті 5 отбасы алған.
Ауылда 2013 жылдың 6 айында 82 нәресте дүниеге келсе, биылғы жылдың 6 айында 112 бала дүниеге келген.
Қазіргі таңда ауылда 57 кәсіпкерлік нысаны жұмыс жасайды, 165 кәсіпкер тіркелген. 2013 жылы 10 кәсіпкерлік нысан ашылып, онда 29 жаңа жұмыс орны пайда болса, 2014 жылдың 6 айында 8 кәсіпкерлік нысан ашылып, 10 жаңа жұмыс орны пайда болды.
Сондай-ақ, биыл ауылда 280 орындық балабақша пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 367 млн.теңге бөлінді.
Мұнымен қоса, ауыл тұрғындарының ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан өзекті мәселесі шешімін тапты.
«Саламатты Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық округке жаңа дәрігерлік амбулатория құрылысы салынуда. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 78 млн. теңге қаржы бөлінді.Аталмыш қос нысан да биыл пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар, жыл басында қала әкімінің есепті кездесуінде тұрғындар тарапынан көтерілген: жол, спорт алаңын салу, бейітті қоршау т.б. мәселелер де биыл шешімін тапты.
Биыл ауылда 9 көшеге тас төселіп, 2 көше асфальттануда, ұзындығы 2 шақырымды құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынуда.
Жыл соңына дейін ауыл ішінде балалар ойын және спорт алаңы салынып, ауыл шетінде орналасқан бейіт қоршалатын болады.
Ауыл ақсақалдарымен кездескен қала басшысы елдегі бейбіт бірлік пен берекелі тірліктің арқасында мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асырылып жатқандығын жеткізе отырып, барлық игі бастамаларға әрдайым қолдау білдіріп келе жатқан ақсақалдарға алғысын білдірді.