Ұлы ақынның ұлағат мұрасы

Қазақ әдебиетінің шоқтығы биік тұлғасы, ғұлама Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуге мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар, тіпті жалпы халық та белсене атсалысып жатыр. Бұл орайда Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұйымдастырған «Әдеби автобус» жобасы көптің көңілінен шықты.

Дәлірек айтсақ, қала тұрғын­дарына Абай Құнанбайұлы жайлы толық­қанды мәліметтер беріп, сондай-ақ, ақынның шығармашылық мұрасын насихаттау мақсатында қоғамдық көлік ішінде «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты әдеби шара өткізілді. Яғни,  қала тұр­ғындары арнайы орындарға ша­қырылмай-ақ, қалаішілік №1 ба­ғыттағы автобус ішінде жү­ріп, ұлы ақынның ұлағатына қанықты.

Темір жол вокзалынан  бас­тау алған қоғамдық көлікте кітапхана оқырмандары  ақын шығармаларын нақышына кел­тіріп оқыды. «Желсіз түнде жарық ай», «Көзімнің қарасы» сияқты әндерін орындап, жолаушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал ақынның өмірі мен шығармашылығы жайлы кітапханашылар әзірлеген бірнеше викториналық сұраққа ұтымды жауап беріп, тап­қырлықтарын көрсеткен жолау­шылар сыйлыққа ие болып, межелі жерлеріне көтеріңкі көңіл-күймен жетті. Сондай-ақ, жолаушыларға Абайдың өлеңдері, қара сөздері жазылған парақшалар таратылды.

«Әдеби автобустың» тағы бір ерекшелігі тұрғындарға эл­ек­­тронды кітап­хана қарас­ты­­рылған. Әрбір тұрғын смарт­­­фо­нына QR қосым­ша­сын жүк­теп, таңдалған кі­тап­­­тардың көрсетілген штрих код­­тары арқылы шығарманың элек­трондық нұсқасына қол жет­кізді.

...Қартайдық, қайғы ойладық,

ұйқы сергек,

Ашуың – ашыған у,

ойың – кермек.

Мұңдасарға кісі жоқ

сөзді ұғарлық,

Кім көңілді көтеріп,

болады ермек?

– деген ақынның өміршең өлең­дері осылайша оқырман көңіліне ой салды. Терең сырлы әндері әдемі әсерге бөледі.

Күтпеген жерден қызық­ты шараға куә болып, жо­лау­шылардың кітап оқуға деген  қызығушылығы оян­­ған­дай. Шара соңында белсен­ді оқырмандар қалалық кітап­ханалар жүйесінің атынан «Алғыс хатпен» марапатталды.


Ғазиза ӘБІЛДА.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 04 ақпан 2020 г. 407 0