Әкімдердің халық алдындағы есеп беру кездесуі әлі де жалғасуда. Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Титов шағын ауданындағы М.Ералиева атындағы Мәдениет үйінде және №101 Ә.Мүсілімов атындағы мектеп-лицейінде қала тұрғындарының алдында есеп берді. Кездесуге ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов, облыстық басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары қатысты.
Жалпы, бұған дейін қала әкімі бірқатар кент, ауылдық округтерде есеп беру және 2 қоғамдық қабылдау жүргізіп, барлығы 11 кездесу өткізді. Еркін форматта өрілген кездесудің барлығында дерлік тұрғындар қала басшысының еңбегіне шынайы оң бағасын беріп, алғысын жеткізді.
Шаһар басшысы өз есебін қаланың қазынасынан, өткен жылдың бюджеттік кірістері мен әр саладағы жеткен жетістіктерінен бастады. Қаланың бюджеті өткен жылы 42,9 млрд теңге көлемінде бекітіліп, жыл қорытындысымен 77,3 млрд теңгеге жеткен. Бюджет көрсеткіші жыл басынан бері 80 процентке артқан.
Ауыл шаруашылығы саласында мемлекет тарапынан жасалған жеңілдіктер нәтижесінде егін, мал шаруашылығының да көрсеткіші артуда. Өнім көлемі 8 млрд теңгеден асты. Мемлекеттік бағдарламалардың аясында шаруа қожалықтарына 264,3 млн теңге жеңілдетілген несие беріліп, қала бойынша мал басының саны 58 мыңға жетуде.
Қалада тұрғын үй құрылысының қарқынды дамығаны халықты баспанамен қамту көрсеткішінде оң өзгеріс енгізді. Соңғы жылдары жаңадан шағын аудандар бой көтеріп, 10 мыңға жуық тұрғын пәтерге ие болды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 156 млрд 441 млн теңгені құрады. Өткен жылы атқарылған құрылыс жұмыстарының көлемі 53 млрд 330 млн теңгеге жеткен. Облыста салынған құрылыстың 36,6 проценті қаланың үлесінде. Жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында көпқабатты 20 тұрғын үй, жеке инвесторлар қаражаты есебінен көпқабатты 7 тұрғын үй пайдалануға берілді.
Бүгінде Қызылорда қаласында жұмыссыздық деңгейі 4,6 процентті құрады. Былтыр 9394 адам еңбекпен қамтылған. Кәсіпкерлік саласында да көрсеткіш жаман емес, былтыр 91 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, жаңадан 501 жұмыс орны ашылды. Мұнан бөлек, Индустрияландыру картасы аясында 69 млрд 270 млн теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, “Нәтижелі жұмыспен қамту”, “Бизнестің жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында 3,2 млрд теңгені құрайтын 255 жоба қаржыландырылған.
Өткен жылдың тағы бір жетістігі – мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ақжарма ауылдық округінде 150 орынға арналған мәдениет үйі пайдалануға берілсе, Белкөл кентінде жаңа дәрігерлік амбулатория өз жұмысын бастады. Жуырда Қызылөзек ауылында дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілмек. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Мәселен, көлік саласын цифрландыру мақсатында 26 аялдамаға электронды ақпараттық табло орнатылатын болады. Сондай-ақ, І жартыжылдықта “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы арқылы барлық әлеуметтік нысандарда, мектептер мен музейлерде, теміржол, автовокзал аумақтарында жоғары сапалы, көп функциялы цифрлық бейнебақылау камералары орнатылмақ.
– Сырдария өзенінің сол жағалауын игеру бас жоспарға сәйкес жүргізілуде. Соған орай, “Нұрлы жер” бағдарламасы арқылы биыл 14 көпқабатты тұрғын үй салынатын болса, 13 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысын аяқтаймыз. Бұл үйлер кезекте тұрған көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Биыл ауыз сумен жабдықтау, кәріз-насостық станцияларын қайта құру, тұрғын үйлерді қайта жаңғыртудан өткізу, жылу жүйелерін жаңғырту мен көшелерді асфальттау жұмыстары да жалғасын табады, – деді қала әкімі.
Жиын соңында тұрғындар тарапынан сауалдар жолданды. Солардың бірі ардагер Қазия Шәмшиев әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларды баспанамен қамту мәселесін көтерсе, Әл Фараби шағын ауданының тұрғыны Кенжеғали Кәдірқұлов шеткі аймақтардағы жол мәселесін қозғады. Сондай-ақ, “Қала тазалығы” мекемесінде қызмет етіп жүрген Рая Қарамырзаева тұрғындар тазалыққа мән берсе деген тілегін жеткізді.
– Тұрғын үй кезектілікпен беріледі. Қазіргі күні төрт категория бар. Сол бойынша тек кезегі келгендер ғана баспанаға қол жеткізеді. Десек те, банкке алдын ала қаржы салу арқылы үй алып жатқандар бар. Соған байланысты кезексіз беріледі деген түсінік қалыптасқан. Мұның бәрі бақылауда. Ал, биыл 32 көше мен кент, ауылдық округтер көшелеріне орташа, ағымдағы жол жөндеу жұмыстарын жүргізуге қалалық бюджеттен 655 млн 612 мың теңге бөлінді. Тұрғындар сұранысына орай, шет аймақтардағы жол сапасын жақсартуға басымдық беріледі. Өтініштер жерде қалмайды. Бар мүмкіндікті қарастырамыз, – деді Н.Нәлібаев.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.