Қытайда коронавирустан айыққан адамдар саны артып келеді

Өткен бейсенбіде Қытай ауруханаларынан жаңа коронавирус туғызған пневмониядан емделген 26 пациент үйіне шығарылды. Қытайда сырқаттан айыққандар саны соңғы деректер бойынша 180-ге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі
Коронавирустан айыққандар санының аз болуы осы ауруды емдеудің ұзақтығына байланысты екенін атап өткен жөн. Аурудың жеңіл белгілері бар науқастар бір апта ішінде оны жеңе алады. Ал ауыр түрімен ауыратын науқастарға кем дегенде екі апта қажет болуы мүмкін. 
Қытайда және әлемнің түрлі зертханаларында ғалымдар коронавирустың жаңа түріне қарсы вакцина жасаумен айналыса бастағанда, Қытай билігі осы ауруды диагностикалау және емдеу үшін тәжірибелік «әдістеме» әзірледі. Онда вирус туралы жаңа мәліметтерді ескере отырып ақпарат үнемі жаңарып отырады. 
Медицина ғылымдарының кандидаты, дәстүрлі қытай медицинасының бейжіңдік «Jensin» клиникасының директоры Чжан Цяо ҚазАқпаратқа берген сұхбатында 2003 жылы Қытай тұңғыш рет дүниежүзілік проблемаға – атипиялық пневмонияға тап болғанда ел тарихындағы барлық дәстүрлі медицина үшін бұл үлкен бетбұрыс болғанын айтты. 
«Қазіргі жағдайда да жаңа коронавируспен тиімді күресу үшін аспан асты елі дәстүрлі қытайлық медицинаға сүйенеді», - деді Чжан Цяо. 
Науқастарды диагностикалау мен емдеу процесінен бөлек, қытайлық дәрігерлер пациенттерді айығып шыққаннан кейін ауруханадан шығару процедурасына да өте мұқият қарайды. 
Қытай Халық Республикасының Гигиена және денсаулық сақтау бойынша мемлекеттік комитеті департаменті басшысының орынбасары Цзяо Яхуидің айтуынша, ауруханадан емделіп шыққанға дейін науқаста аурудың белгілері болмауы керек, дене қызуы қалыпты болуы тиіс және вирустық нуклеин қышқылының талдамасы екі рет теріс нәтиже көрсетуі керек.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2020 г. 721 0