Қызылорда әуежайында коронавирусқа қарсы оқу-жаттығу өткізілді

Қызылорда қаласындағы «Қорқыт ата» әуежайында коронавирусқа қарсы оқу-жаттығу шарасы өткізілді. 
Аталмыш шара барысында барлық қызметтердің және құрылымдардың қауіпті дерттің алдын алуға бағытталған іс-қимыл жасау тәртібін пысықтауға мән берілді. 
Негізінде Қызылордаға Қытайдан тікелей қатынайтын әуе рейсі жоқ. Десе де сақтық шараларына назар аудару өте маңызды. Алдын-ала жасалған жоспарға сәйкес «Алматы-Қызылорда» әуе рейсінде Қытайдың Ухань қаласынан келе жатқан жолаушыда бас ауыруы, дене қызуының көтерілуі, жөтел, бұлшық еттердің ауруы секілді коронавирус белгісі бар екендігі анықталады. 
Осыған байланысты Қызылорда бөлімшелік көліктегі тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан жедел жоспар мен жедел сызбаға сәйкес барлық тиісті емдеу-профилактикалық мекемелеріне, обаға қарсы күрес станциясына, құқық қорғау органдарына және өзге де мекемелерге ақпарат берілді.
Бұдан кейін барлығы әуе кемесінің келуіне байланысты әуежайда эпидемияға қарсы күрес шараларын жүргізуге жиналды. Аурудың таралуын анықтауға қатысқан барлық қызметтер мен бөлімшелер науқастың коронавирус анықталған жағдайдағы нақты өзара әрекеттесуі мен дайындығын көрсетті.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 02 ақпан 2020 г. 626 0