Абылайхан атындағы №140 орта мектебінде “Жаңартылған білім беру бағдарламасы – оқу үдерісі мен тәрбие берудегі құндылықтары” тақырыбында облыстық-инновациялық семинар өтті. Жаңартылған білім беру жағдайында НЗМ оқу бағдарламаларын оқу үдерісіне енгізіп, педагогтардың кәсіби құзыреттілігін дамыту мақсатында ұйымдастырылған шарада мұғалімдер жаңаша іс-тәжірибелерін бөлісіп, пәндерді ағылшын тілінде оқыту үлгісін көрсетті. Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекова қатысты.
– Жалпы еліміз 2016 жылдан бері жаңартылған білім беру бағдарламасына көшкен болатын. Қазіргі таңда ұстаздарымыз бұл бағытты толық меңгерді. Сондықтан уақыт талабына сай жаңаша білім мазмұнымен сабақ бере отырып, балалардың рухани танымын арттыруға, жеке қабілетін ашуға, сондай-ақ, функционалдық сауаттылығы мен сандық технологияны меңгеруіне барынша жұмыс жасауымыз керек,– деді басқарма басшысы.
Семинарға қатысқан Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессорлары Меруерт Аңсатова, Рабиға Игенбаева, қала әкімінің орынбасары Б.Нуридинов, осы мектептің түлегі, "Казинтерсервис" компаниясының басшысы Төлебай Төлепов білім ошағында атқарылып жатқан жаңашыл жұмыстармен танысты.
Мектеп директоры Айгүл Мұсабаева шараның мазмұны жайлы қысқаша баяндап, қоғамдық тәрбие, ғылыми ізденіс және оқу-әдістемелік бөлімдер бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырылып жатқанынан хабардар етті. Шара аясында ғұлама ғалым Әл Фарабидің 1150 жылдығы, "Алтын Орданың" 750 жылдығы және хакім Абайдың 175 жылдығын дәріптеу мақсатында сахналық қойылым көрсетілді. Қойылымда жоғарыда аталған тарихи тұлғалардың образдары көрініс беріп, олардың жас ұрпақты терең білім мен тәлім-тәрбиеге шақырған тағылымды сөздері назарға ұсынылды. Сондай-ақ, жас ұстаздар хоры Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындап, табиғатты сүю, туған өлкенің тылсымын тануға шақырды.
Осы орайда мектеп түлегі, "Казинтерсервис" компаниясының басшысы Төлебай Төлепов жаңадан ашылған "Косморобототехника-анимация" кабинетін инновациялық, интеграциялық үлгідегі құрылғылармен жабдықтап берді. Айта кетейік, ол бұған дейін де жаратылыстану бағытындағы оқу бөлмелерін жабдықтауға демеушілік жасаған еді. Жаңа үлгіде ашылған кабинетте оқушылар өздері құрастырған роботтардың мүмкіндігін таныстырды.
Шара барысында куә болғанымыздай, мұнда мектеп ұстаздары мен оқушылар, ата-аналар арасында тұрақты байланыс орнатылған. Айталық, "Жүрегімдегі бір үзік сыр" жобасында оқушылар өздерін толғандырған ой-пікірлерін ұстаздар қауымына жеткізеді. Жазбаша ұсынылған өтініштер мен ой-пікірлер жинақталып, тиісті жауабы беріледі. Сол сияқты, "Адалдық алаңы", "Уикипедия" "Туған жерге тағзым", "Ата-ана жұмысында бір күн", тағы басқа әлеуметтік жобалар аясында оқушылардың нәтижелі жұмысы көрініп тұр.
Облыстық-инновациялық семинарда осындай жаңашыл жұмыстар насихатталып, мұғалімдер өзара тәжірибе алмасты.
Ғазиза ӘБІЛДА