Өнер иелері туған жерде

Сыр елінен шыққан өнер иелері Қызылордаға жиі оралып, халықты әнге бөлеп, рухани тұрғыда үлкен үлес қосып жүр. Жуырда А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде облыстық филармония ұйымдастырған «Дархан дала» атты академиялық концертке сырбойылық вокалистер арнайы жиылды. Сондай-ақ, бұл шарада «Тұрмағамбет» атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті.

Қазіргі қазақ мәдениетіндегі шоқтығы биік, талғамы жоғары әншілер жиылған концерттің опера классикасының жауһарларымен ашылуызаңдылық. Мұндағы дауыс та, деңгей де тым бөлек. Жиналғандар бірде қарқынға толы музыканың әсерімен шабыттанса, бірде баяу да нәзік дауысқа елтіп, ерекше сезімге бөленді. Концертте «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, Венгрия ұлттық опера театрының солисі Азат Мәлік пен мемлекеттік «Астана опера» және балет театрының солисі Назым Сағынтайдың бірге орындаған әндері, дауыс үйлесімділігі көрерменін өзіне баурап алды.

Қазақ ұлттық Өнер университетінің оқытушысы Алмат Избанбетовтің де ән әлеміндегі деңгейі бір бөлек. «Туған жерге тағзым» жобасы аясында елге деген алғаусыз көңілі мен құрметін әуен арқылы жеткізген өнер иелеріне көрер­меннің де ықыласы жоғары болды. Бүгінде үлкен сахналарда белгілі тұлғалармен бірге ән шырқап, өзін мойындатып жүрген воколистің бірі – Назым Сағынтай.

– Менің өнердегі жолым өзім туып-өскен Қызылордада бас­талды. Қазанғап атындағы музыкалық колледжде Инаят Жарылқановтан білім алып, оқуымды әрі қарай Қазақ ұлттық өнер университетінде жал­ғастырдым. Осы сахнада оркестрмен жеке концертімді ең алғаш рет өткізгенім есімде. Биыл екінші рет келіп, сыр­бойылық көрермендермен қа­уышқаныма қуаныштымын, – деді ол.

Екі бөлімнен тұратын концертте «Тұрмағамбет» халық аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен отандық классиканың үздік туындылары орындалды. Айта кету керек, бұл сырбойылық өнерпаздардың туған жерге алғаш келуі емес. Олар қызылордалық мәдениет саласы өкілдерінің елордада өтетін концерт, ауқымды жәрмеңкелерінде, тіпті шетелге гас­трольдік сапарларында өнер көрсетіп, Сыр елінің мерейін өсіріп жүр.



Айдана ЖҰМАДИНОВА.

 

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 31 қаңтар 2020 г. 292 0