2021 жылдан бастап Қазақстанда жоғары оқу орындарының мемлекеттік үлгідегі емес жеке үлгідегі диплом беруі туралы норма күшіне енеді. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерімен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Ведомство баспасөз қызметінің мәліметінше, министр жиынға қатысушылардың сауалдарына жауап беріп, педагогикалық жоғары оқу орындарының студенттерін мектептерге жұмыс істеуге шақырды. Кездесу ашық диалог форматында өтті. Кездесу барысында Асхат Аймағамбетов білім саласы үшін маңыздылығы орасан зор екі құжаттың қабылданғанын атап өтті. Олар - 2020-2025 жылдарға арналған білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы мен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңы.
Министр педагогикалық қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту және барлық деңгейде білім сапасын арттырумен жаңартылған білім бағдарламасының артықшылықтары төңірегінде министрлікпен атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.
«ҚР «Педагог мәртебесі туралы« Заңы педагогтың материалдық қамтамасыз етілуіне, көтермелеуге және әлеуметтік кепілдіктерге қатысты құқықтарын қарастырады. Педагогтың оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту нысандарын таңдау бөлігінде кәсіптік құқықтары кеңейтіледі. Мектеп мұғалімдерінің сапалы құрамын арттыру үшін магистр дәрежесі бар тұлғалар үшін 10 АЕК көлемінде қосымша ақы қарастырылған. Сонымен қатар, дәптер тексерумен сынып жетекшілік үшін 2 есе ақы, тәлімгерлік пен педагогикалық шеберлікке арналған қосымша ақылар көзделген», - деді Асхат Аймағамбетов.
Айта кеткен жөн, педагогикалық шеберліктің біліктілігі үшін қосымша ақы барлық педагогтар үшін лауазымдық жалақыдан 30-дан 50 пайызға дейінгі мөлшерде белгіленеді. Министр педагогтарды өзіне тән емес жұмысқа тартуға тыйым салу және есептілікті азайту туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Білім және ғылым министрлігінің басшысы 2021 жылдан бастап жоғары оқу орындарының мемлекеттік үлгідегі емес, жеке үлгідегі (әскери және арнайы оқу орындарын қоспағанда) диплом беруі туралы норма күшіне енетінін айтты. Бұл жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті арттырып, ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасына қатысты жауапкершіліктің өсуін қамтамасыз етпек.
А. Аймағамбетовтің айтуынша, енді жұмыс берушілер дипломға емес, түлектің құзыреттеріне көбірек көңіл бөледі. Жұмысқа орналастыру кезінде жоғары оқу орнының беделі мен имиджі басты рөл атқаратын болады. «Студенттер мен олардың ата-аналарын ЖОО таңдауда мұқият болуға шақырамыз. Сонымен қатар, келесі аспектілерге назар аударуды ұсыну қажет: әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтингінде ЖОО-ның позициясы - QS және «Атамекен« ҰКП рейтингінде білім беру бағдарламалары; ЖОО мәртебесі мен академиялық беделі; ұсынылатын білім беру қызметтерінің сапасы», - деді А. Аймағамбетов.