Қытайдағы студенттерді алып келуге ұшақ дайын. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Қазіргі таңда қандай шаралар қолданылғаны жөнінде айттым. Кеше біз бұқаралық ақпарат құралдарына қолға алынған шаралар туралы хабарладық. Қазір біз Қытай Халық Республикасының Сыртқы істер министрлігімен жұмыс істеп жатырмыз. Сондағы бірінші кезекте біздің студенттерді алып келу жөніндегі шаралар пысықталды. Екіншіден, сондағы туристерді жеткізу. Туристер 680 болған, олардың жартысы елге оралды. Біздің есебіміз бойынша бүгін немесе ертең толығымен елге келуі керек», - деді Б. Сапарбаев Парламент Мәжілісінде тілшілер сауалына жауап бере отырып. Сонымен қатар ол Қытайдағы студенттер мәселесіне де тоқталды. «Елге келеміз деген студенттерге ұшақ дайындап қойдық. Өздеріңіз білесіздер, екі елдің арасында тиісті келісімшарттар бар. Соған сәйкес жұмыс істеуіміз керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары. Сонымен қатар, Б. Сапарбаев Үкімет басшысы қосымша құралдар, маскалар, тағы да керек аттар алу үшін қаулыға қол қойғанын атап өтті. «Оған қосымша 1,5 млрд теңге бөлінген. Оның үстіне, өзіміздің қорымыз да бар, жергілікті жерлерде берілетін көмек бар. Яғни, көмекті немесе медициналық қолдауды қажет ететін азаматтар болса, оған біздің қаржымыз да, мүмкіндікіміз де бар», - деді Премьер-Министрдің орынбасары. Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов Қытайдағы жоғары оқу орындарында оқып жүрген Қазақстанның студенттеріне демалыс мерзімін ұзарту шаралары пысықталып жатқанын айтты. Қытайдың Ухан қаласында 400 студент оқып жүр. Соның ішінде 98-і сол қалада, яғни олар оқу орнының кампусында.