Қызылордада Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 257 бабының 3 бөлігімен айыпталған кәмелетке толмаған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды. Бұл туралы BNews.kz облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Сотталушы жасөспірім Қорқыт ата ескерткіші маңында бір топ адамдармен карта ойнап отырып, мені мазақ еттің деп болмашы сылтауды желеу етіп, сол жерде бір адамның оң жақ аяғының сан тұсына пышақ тығып алған. Соның салдарынан оның денсаулығына жеңіл зиян келген.
Бұған дейін де кәмелетке толмаған жасөспірімге қатысты бұзақылық жасағаны үшін 2 рет қылмыстық істер қозғалып, ҚР ҚК-нің 67 бабымен қылмыстық жауапкершіліктен босатылған болатын. Алайда, ол бұдан тиісті қорытынды жасамай 1 жыл ішінде қайтадан қылмыс жасауға жол берген.
Сот үкімімен ҚР ҚК-нің 257 бабының 3 бөлігімен айыпталған сотталушы 2 жылға бас бостандығынан шектеліп, оған ҚК-нің 82 бабындағы тәрбиелік мәжбүрлеу шаралары қолданылған.