Ұлт ұстазы атындағы мектепке – 30 жыл

  Бұл жыл қаладағы А.Байтұрсынов атындағы №211 мектептің шәкірттері мен ұстаздары үшін өте маңызды. Себебі, былтыр 1989 жылдың желтоқсан айында іргесі қаланған білім ұясы 30-рет алғашқы қоңырауын қақты. Мерейтойға орай сенбі күні «Мектебім, жүрегімнің төріндесің» атты ауқымды шара ұйымдастырылды. 

Білім дегенде оқ бойы озық жүретін шәкіртте­рімен танымал мектептің мерейтойына Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіхалықова, оқу орнының басшылары мен сала ардагерлері, ұстаздар жиналды.

Алғаш 1176 оқушыға лайықтап ашылған оқу ордасы 1991 жылы ұлт жанашыры, ақын, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымының не­­гізін салушы Ахмет Бай­тұр­сынов­тың есі­мімен атал­ған. Ғалым атын иеленген мектептің оқытушысы да, оқушысы да содан бері білім биігінен көрінуге барын салып келеді. Шарада осы мектепте директор қызметін атқарған педагогтар мен ардагерлер оқу орнының бағындырған белестеріне арнайы тоқталды. Айталық, 2004 жылы елімізде ҰБТ жүйесі алғаш рет енгізілгенде мектеп түлегі «Алтын белгі» иесі атанып, үздіктерді анықтайтын қай сынақта да мықты боларын дәлелдеді. Бұл лицей, гимназиялардың өзінен «Алтын белгіні» алушылардың сиреген тұсы болатын. Ал, 2011 жылы пәндік олимпиаданың республикалық ке­ зеңінде Бақыт Алу­шаеваның шәкірті Салтанат Мырзабекова бас жүлдені жеңіп алып, алтыннан алқа тақты. Ең бастысы, бұл облыс бойынша орыс тілі пәнінен алғашқы алтын медаль болатын және осы кезге дейін бұл жетістікті қайталаған ешкім жоқ.

Бүгінде Әлия Көшкінбаева басқаратын мектеп білімімен әйгілі болса, әріптестердің де ортақ іске келгенде ұйымдаса білуі, бірлігі мығым. Мұны оқу орнына кіргеннен-ақ байқауға болады. Жүздері жарқын балалардың жол көрсетіп, мерейтой барысында креативті идеяларымен өнер көрсетуі, 30 жыл бұрынғы оқиғаларды көрерменге жеткізе білуі осындай қалтқысыз қызмет, еселі еңбектің жемісі екені айтпаса да түсінікті.

Жиын соңында мектеп мұғалімдері мен қызметкерлерінің еңбегі еленіп, «Алғыс хаттармен» марапатталды. «Енді мектепке Ахмет Байтұрсыновтың бюсін қо­йса» деген ұсыныс та айтылмай қалмады.


Айдана ЖҰМАДИНОВА.






 
 
















 









 


 








 














 







 
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 28 қаңтар 2020 г. 1 313 0