Кредитті уақытында төлемесе, процент, комиссия үшін жаңа талап енгізілді

«Банк және банк қызметі туралы» және «Микроқаржы ұйымдары туралы» заңдарға өзгерістер енгізілді, – деп жазады aikyn.kz/.
Бұдан былай банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың кредит бойынша қарызы 90 күннен асып кетсе, комиссия есептемейді. Жаңа ереже биылдан бастап күшіне енді.
«Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарына кепілсіз тұтынушылық қарыз бойынша берешек 90 күннен асып кетсе, айыппұл, өсімпұл, сондай-ақ, комиссия мен басқа да төлемдер есептеуге тыйым салынады», – деді Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов.
Оның айтуынша, бұрын кредитті уақытында төлемеген кезде өсімпұл әр күн сайын 0,5 процентке өсетін.
Енді биылдан бастап кредит бойынша берешегі 90 күннен асып кеткендерге ешқандай комиссия есептелмейді.
«Бұл несие алатын азаматтар үшін әжептәуір жеңілдік деп ойлаймын», – деді вице-министр.
Еске сала кетейік, биыл ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде бекітілді. Бұдан былай табысы осы сомадан төмен азаматтарға кредит беруге тыйым салынды.
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 27 қаңтар 2020 г. 471 0