«Қазақстан кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастырумен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен кәріс халқының Жаңа жылы – Сольналь мерекесі тойланды.
Салтанатты кешке облыстағы кәрістер этносы, облыстық этномәдени бірлестіктерінің басшылар мен мүшелері, бірлестіктің ардагерлері, қоғамдық ұйымдар, мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты.
Мерекеге орай жиылған қауым алдында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Асылбек Жұмабаев, «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының жетекшісі Елена Ким және өзге этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері сөз сөйлеп, кәріс халқын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Сондай-ақ, кәрістер этномәдени орталығының ардагерлері мен белсенді мүшелеріне сый сияпат көрсетілді.
Айта кету керек, биылғы жылы кәрістер қауымдастығының құрылғанына 30 жыл толады. Соған сәйкес, наурыз айында олар татулық пен келісімде өмір сүріп келе жатқандығын ауқымды түрде атап өтпекші. 1937 жылы Сыр еліне Қиыр шығыстан жер аударылған корей этносының өкілдері барлық замана ауыртпалығын еңсеруге еселі еңбегімен өз үлестерін қоса білді. Олар тағдыр теперішіне ұшыраған сәтте құшағын ашып, бауырына басқан жергілікті қазақ халқымен біте қайнасып, ынтымақта өмір сүріп, әр салада еңбек етіп, ел дамуына елеулі үлесін қосып келеді.
Ай күнтізбесі бойынша тойланатын жаңа жылдық мереке биылғы күнтізбеге сай 25 қаңтарда тойланды. Жаңа жылда кәріс этносы басымдықты отбасыға беретін көрінеді. Олар жас буынға, өскелең ұрпаққа ата-бабаның себэ салтын насихаттап, үлкендерді құрметтеуге шақыратын Жаңа жылды тек отбасымен бірге барлық жоралғыларды өз кезегімен орындады. Дәстүрге сәйкес бұл күні балалары ата-аналарына сәлем беріп, ал ата-аналары оларға Жаңа жылдық ақша сыйлады. Барлық отбасы мүшелері ханбок ұлттық киімін киді. Сольналь мерекесінде би де, ән де, ұлттық ойын да болды. Барлық отбасымен бірге – юннори және қазақтың лянгі тебу қозғалысты ойынына ұқсас – чегичхагиді ойнады. Келген қонақтарға кәріс ұлттық тағамдарынан әзірленген мерекелік дастархан жайылды.
Сольналь мерекесіне қатысушылардың назарына "Алекс" хореографиялық ұжымының билері, «Чинсон» вокалдық тобының орындауында әндер ұсынылды.
"СБ" ақпарат.