Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қымбат көлік сатып алу мен түрлі форумдар өткізуге мораторий жариялауды ұсынды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Президент үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлім етті. "Қымбат көліктер мен жиһаздар алу, түрлі форумдар, семинар мен мәслихаттар өткізуге кететін шығындарға ұзақжылдық мораторий жариялауды ұсынамын. Іс-шаралар тәжірибелік және идеологиялық пайда түсіруі керек", - деді Тоқаев. Айта кетейік, бүгін елордада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста Үкімет еліміздің 2019 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларының есебін береді, сондай-ақ Мемлекет басшысының Үкіметке ел дамуының негізгі бағыттары бойынша берген тапсырмаларының орындалу барысы талқыланады.