2019 жылы елімізде жұмыссыздық 0,1 пайызға қысқарды. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды
ҚазАқпарат тілшісі.
«Сіздің негізгі берген тапсырмаларыңыздың бірі - халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасыларды кәсіпкерлікке тарту және өздерінің үйлерінде еңбекк етуге мүмкіндік жасау бар. Өткен жыл мемлекеттік «Еңбек« бағдарламасымен 660 мың адам қамтылды. Соның нәтижесінде 424 мың жаңадан жұмыс орны ашылды. Оның 65 пайызы тұрақты жұмыс орны. 58 мың адам шағын несие мен тегін грант алды», - деді Бердібек Сапарбаев Ел Президенті Қасым-Жоарт Тоқаевқа қарата.
Оның дерегінше, халыққа ыңғайлы болуы үшін Үкімет 83 мобильды жұмыс орталықтарын, 54 жекеменшік жұмыс орталықтарын халықты еңбекпен қамтуға тартты.
«Нәтижесінде жұмысссыздық 2018 жылмен салыстырғанда 0,1 пайызға азайды. Жұмыс орнындарын құру картасының ақпараттық жүйесі енгізілді. Еңбек нарығының талаптарына сәйкес мамандарды дайындау үшін 480 кәсіптік стандарт бекітілді. Кәсіпкерлікпен айналысуға ең кемінде 11 мың аз қамтылған, көпбалалы отбасыларды тарту мақсатында несиенің ставкасын 6-дан 4 пайызға, мерзімін 5 жылдан 7 жылға ұзартылды. Аналарға грантты оқусыз алуға мүмкіндік берілді», - деді ол.
Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, енді кәсіптік оқулар тек қана жұмыс берушілердің тапсырысына байланысты жүргізіледі. «Жаһандық өзгерістерді ескере отырып біз 2025 жылға дейін еңбек нарығын дамытудың болжамын, жаңа кәсіптер атласын әзірлеп жатырмыз», - деді Б. Сапарбаев.