Елімізде дәрі-дәрмектің шекті бағасы белгіленген. Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңіз білетіндей, біз дәрі-дәрмектің шекті бағасын қойып отырмыз. Халықтың шағымы көп болғаннан кейін былтыр Елбасы тиісті тапсырма берген еді. Қазақстанда Ресей мен басқа елдерге қарағанда дәрі-дәрмек бағасының алшақтығы байқалып еді. Соған байланысты біз заңға өзгеріс енгізіп, бағаны белгілеу ережесін әзірлеп, бағаларға шектеу қойдық. Былтыр бірінші жартыжылдықта біраз дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болып шыққан еді. Бұл бағытта жұмыс тоқтаған жоқ. Осы жылдың 10 қаңтарында біз бұйрықты жаңартып, ала-құла бағалардың санын азайттық. Бірақ, әлі де болса ондай бағалар бар. Комитет бағаны көтермеу үшін тиісті жағдай жасайды», - деді Нұрлыбек Асылбеков Парламент Сенатының әлеуметтік даму және ғылым комитеті мүшелерінің дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдарды тарату ісіндегі мәселелер бойынша отырысында.
Комитет төрағасының орынбасары бұл бағытта тиісті мониторинг жұмысы жүргізіліп тұратынын айтады.
«Былтыр аумақтық департаменттерге 18 шағым түскен еді. Орталыққа түскен шағымдардың бәрін сараптап, бағаны анықтап, тиісті шараларды қабылдаймыз. Қазір әкімшілік кодекс бойынша тиісті шара қолданатындай біздің құқығымыз бар», - деді ол.