Арал ауданы әкімінің осы аптадағы соңғы есебі ауданға қарасты Жіңішкеқұм ауылдық округінде өтті.
Аудан орталығынан шалғай орналасқан Жіңішкеқұм ауылдық округінде бүгінде халық саны 725 адамға жеткен. Тындырымды тірліктерге толы ауыл тынысын ауылдық округ әкімі М.Әлішев баяндап шықты. Белгілі болғандай, өткен жылы округ орталығы Тоқабай ауылын жоғарғы жылдамдықты интернетке қосу мақсатында биіктігі 40 метр мұнара орнатылып, дәрігерлік амбулатория және ветеринариялық пунктке интернет желісі қосылған.
Қазіргі таңда ауылдық округ бойынша кәсіпкерлік субьектілерінің саны 43-ке жеткен. Кәсіпкерлікке бет бұрған округ тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көруде. Мәселен, негізінен мал шаруашылығымен айналысатын ауыл биыл жаңа «Өтебәлі» және «Балтық» шаруа қожалықтарымен толығып отыр.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары А.Жамалова, А.Қаршығаева, Е.Есқуатов және Н.Ерғалиев 505 мың теңгеден, ал А.Әлішева 225 мың теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, жұмыстарын жүргізуде.
Бұдан бөлек, жастар жылы аясында ауыл жастары үлкен бастама көтеріп, ауылдан жаңадан мешіт құрылысын бастап жатса, ауыл боксшылары жыл көлемінде Өзбекстан Республикасы Навой қаласында қазан айында өткізілген халықаралық турнирде және Самархан қаласындағы халықаралық турнирден жүлделі оралған. Қазіргі таңда 5 спортшы спорт шеберлігіне үміткер.
Осылайша жылды қорытындылаған Жіңішкеқұмдық ағайын кездесу барысында аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың да есебіне құлақ түріп, ауданда атқарылған ауқымды істер мен жағымды жобалардың жоспарымен танысты. Жиынға жиналған жақсы мен жайсаңдар елдегі сарабдал саясатқа ризашылықтарын жеткізіп, аудан әкімінің есебіне оң баға берді.