«Алаштың асыл мұрасы» және «Сыр бойының сакралды ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикияттар» кітаптарының тұсаукесері өтеді

Кітап – адамзат ақыл-ойының інжу-маржанын ғасырдан ғасырға ұрпақтан -ұрпаққа жеткізіп беретін ғажайып құрал екені белгілі. Осы орайда, "Рухани жаңғыру" орталығының бастамасымен, орталық бөлімінің басшысы, филология ғылымдарының кандидаты С.Қ.Қосанның басшылығымен Алаш қайраткері, атақты шайыр Тұрмағанбет Ізтілеуовтың жаңадан табылған қолжазбасы негізінде "Алаштың асыл мұрасы" атты шығармалар жинағы жарық көрді.

Т.Ізтілеуұлының жаңадан табылған бұл қолжазбасы мазмұны жағынан бұрынғы аталған мұраларынан елеулі ерекшелігі бар аса бағалы жинақ.

Сондай-ақ оқырман назарына ұсынылып отырған «Сыр бойының сакральді ескерткіштері: мифтер, аңыздар, хикаялар» атты фольклорлық жинақ Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» және атты стратегиялық мақаласында айқындалған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» арнаулы жоба аясында әзірленген. Жоба авторы және басылымның ғылыми жетекшісі – ф.ғ.к., түркітанушы Серікбай Қосан.

***


Тұрмағамбеттің жаңа қолжазбасы табылды

Тұрмағамбет шығармаларының негізгі бөлігі бұрынғы ҚР ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба және текс­тология бөлімінің қорында сақталған. Атақты шайырдың қолжазба мұрасын 1981 жылы ақынның ұлы Әбдірауық Тұрмағамбетұлы өткізіп, тиісті қаламақысын алғаны туралы аталған қордың тіркеу кітапшасында тіркеліп, «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» көптомдық сериясының 5-томына енген. Атап айтқанда, 875-папкада Тұрмағамбет парсы тілінен аударған Ә.Фирдауси «Шаһнамасының» 35 дәптері және 878-папкада Сыр сүлейінің көлемі 6 дәптерден тұратын өлең-толғау, термелері мен хикая, дастандары сақталған. 

Әйтсе де, 90-жылдары Тұрмағамбет жырлаған «Шаһнаманың» 35 дәптерін аталған институттың аға ғылыми қыз­меткері, ақынның жерлесі әрі оның шы­ғармашылығын зерттеумен шұғыл­данған Мардан Байділдаев академия жанындағы өз үйінде ұстап келген. Ғалымның мақ­саты – 1961 жылы жарыққа шыққан Тұ­ре­кеңнің «Рүстем-Дастан» кітабын түпнұсқамен салыстыра зерттеу және «Шаһнаманың» толық нұсқасын баспаға әзірлеу болған көрінеді. Мардан аға қайтыс болған соң, аталған қолжазбалар белгілі себептермен Сыр бойының тағы бір талантты тумасы, жыршы Алмас Алматовтың жеке қорына өтеді. Өкінішке қарай, шы­ғыстанушы һәм тұрмағамбеттанушы ға­лымдардың іргелі ізденістеріне ғылыми нысан болуға тиісті қымбат мұраның кейінгі тағдыры көпшілікке беймәлім. Ке­ңестің кең заманында қолжазба мұраның зерттеушілер қолында жүруі қалыпты жағдайға ай­налған. Көшіру құралдары қолжетімсіз уақытта ғалымдар кейде түпнұсқа материалдармен жұмыс істеу үшін қолжазбаны өзімен бірге алып жүрген. Мына бір оқиға да соның айқын дәлелі. 2008 жылы М.О.Әуезовтің музей-үйінде «Бабалар сөзі» 100 томдық фольклор сериясын баспаға әзірлеп отырған кезіміз еді. Бір күні ақмолалық журналист Тортай Сәдуахасов деген ағамыз «70-жылдар соңында институттағы жігіттердің бірінен алып едім» деп көлемді қолжазба әкеліп өткізді. Сыртында академик Ә.Мар­ғұланның қолы қойылған бұл қолжазбадағы мәтіндердің мәні зор болып шықты. Өз тарапымнан зерттей келе, аталған қолжазба мұраның авторы Абайдың нақ өзі деген қорытындыға келген едім. Нәтижесінде, 2015 жылы ақынның 170 жылдығына орай Семейде өткен ғылыми конференцияда жасаған баяндамамыз абай­танушылардың оң бағасын алды.

Тағы бір мысал: Тұрмағамбеттің өз қолымен 5 дәптерге көшірілген төлтума өлеңдері мен 1 дәптер мақал-мәтелдері де «ғы­лыми мақсат үшін» деген желеу­мен көрнекті фольклор зерттеушісі, фи­­лология ғылымдарының докторы О.Нұр­мағамбетованың жеке қорында сақ­талыпты. Оразгүл апай зейнетке шық­қанымен, институттың Ғылыми кеңесінің мүшесі ретінде арагідік жұмысқа келіп тұратын-ды. Мен ол уақытта Сыр шайыр­ларының шығармашылығын зерттеумен айналысып жүрген едім. 1999 жылы профессор менің өтінішімді ескеріп, Тұрекең шығармаларының қолжазбасын институт қорына қайтарды.  2007 жылы ақынның туғанына 125 жыл толуына орай фольклортанушы Б.Жүсіпов бастаған ғалымдар тобы баспаға әзірлеген көлемді шығармалар жинағы дәл осы түпнұсқасы бойынша жарық көрген болатын. Сондай-ақ, Қолжазба және текстология бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарып жүргенімде, ұмытпасам, 2008 жылы болуы керек, ф.ғ.д., профессор Тынысбек Қоңыратбаев кезінде өз әкесі, белгілі ұстаз-ғалым Ә.Қоңыратбаевтың жеке қо­рында сақталған «Шаһнама» даста­ны­ның 3 томдық көлемді қолжазбасын әке­ліп өткізген болатын. Бұл қолжазбалар дас­танның Тұрмағамбет аударып, өзі хатқа түсірген қадіми араб харпіндегі қолжазбадан кирилл және латын әліпбиіне түсірілген нұсқалары болып шықты. Ғасыр басында қасиетті Бұхара шәріндегі «Көкелташ», «Мір-араб» медреселерінде рухани терең білім алған Сыр сүлейінің ескі араб әліпбиіндегі қолжазбасын оқу – оңай шаруа емес. Оларды арабша сауаты бар екінің бірі ежіктей алмайтыны көрініп тұр. Тұрекең Шығыс қағазын үнемді пайдалану үшін барынша майда әріптермен жазғанды жөн көрген. Оның үстіне ақын Мәшһүр Жүсіп сияқты хұсни-хат жазуын емес, араб каллиграфиясының ерекше қиын түрін пайдаланған. Содан болар, «Шаһнаманы» қазақ әліпбиіне көшіру жұмысына заманында Тұрекеңнің мектебінен тәлім алған бірнеше қармақшылық азамат атсалысады. Бір ғажабы, қолжазба мәтіндерін қадім жазуынан хатқа түсірушілердің арасында Сыр сүлейлерінің сарқыты, ата-сойы көпке мәлім Кете Жүсіптей  даңқты шайырдың ұрпағы Мұзарап Жүсіпұлы да бар. Біздің ойымызша, Тұрмағамбет аударған «Шаһнама» дастанының қай­­­та көшірілген, әр жылдары хатқа түскен қолжазбаларын түпнұсқасымен салғастыра зерттеу ендігі ғылыми ізденістердің маңызды бағытына айналса, абзал. Мұндай  қызықты жұмыстарды жетекші университеттердің шығыстану факультеттерінде оқитын магистрант жастар мен докторанттарға ғылыми тақырып ретінде ұсынса, кешікпей-ақ өз нәтижесін көретінімізге шүбә жоқ.

Жалпы, ерте замандардан ХХ ғасыр басына дейін өмір сүрген қазақ ақын­дарының арасында шығармалары өз қолымен хатқа түскен, яғни авторлық төл қолтаңбасы сақталғандары саусақпен санарлық екені мәлім. Арғы-бер­гі ақын-жыраулардың ішінде кейінгі ұр­пақ­қа өз қолтаңбасымен қауышқан тек қана Жаяу Мұса, Шәді, Сұлтанмахмұт, Мәшһүр Жүсіп, Тұрмағамбет сынды санаулы дарынды атауға болады. Тіп­ті, бай кітапханасы болған, терең сауатты ұлтымыздың маңдайалды ақын­дары Абай мен Шәкәрімнің де, алаш ардақтылары – А.Байтұрсынұлы, М.Ду­ла­тов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, т.б. жүздеген қаламгердің төл қол­жаз­­балары жоғалып кеткен. Мұндай өрескел өкінішті жағдайға озбыр қоғам мен саясат қана емес, тиісті мекемелерде қызмет атқарған жеке азаматтар да кінәлі екені айтпаса да түсінікті. Ал түпнұсқаның болмауы шығармашылық өкілінің мұ­расын ғылыми тұрғыдан зерттеуде елеулі кедергі келтіретіндігі екібастан белгілі. Өркениетті елдерде өткен заманда өмір сүрген дарын иелерінің шығармашылық қолтаңбасын ғана емес, әрбір тұтынған затын ат басындай алтынға балап, жан баласының қолына ұстатпай, ұлттық әдебиет пен мәдениет мұражайларының төріндегі әйнектелген арнайы текше астына кілттеп қояр еді. Осы орайда «Шығыстың тірі сөз­дігі» атанған, шайырлық даңқы қазақ жерінен асып, қоңсылас өзбек, қара­қалпақ, тәжік елдеріне танылған жыр сүлейі Тұрмағамбет қолжазбаларының түп­нұсқада жетуі – Сырдағы ақын жерлестері үшін де мәні зор оқиға, үлкен мақтаныш деп білеміз!

Бұрынғы ҰҒА Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында да Т.Ізтілеуұлы өз қолымен жазған, қағазға көшірген бірнеше қолжазбасы сақталған. Мұнда Сыр өңірі мәдениеті мен әдебиетіне қатысты түрлі фольклорлық-этнографиялық экспедиция материалдарының мол қоры бар. Сонау ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Ә.Диваев, Ә.Қайнарбаев, Ф.Ғабитова, М.Маратов, С.Толыбеков, Ү.Аяпұлы, Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, М.Байділдаев, т.б. фольклор жанашырлары мен ел азаматтары жинаған қолжазба мұралардың арасында Сыр сүлейлерінің шығармалары жиі ұшырасады. Сол қатарда Тұрекеңнің есімін де құрметпен атау ләзім. Өткен ғасырдың 90-жылдары осы мекемеде ғылыми ізденістермен шұғылданып жүрген кезімде Тұрекеңнің 1936 жылы өз қолымен баспаға дайындаған «Назым» атты шығармалар жинағын көрген едім. Кейін көшіп-қонып жүргенде шифрын ұмытып, көз жазып қалыппын. Жақында шайырдың сол уақытта көзіме түскен тағы бір төлтума қолжазбасын қайта ке­зіктіріп, түпнұсқаның электронды-сан­дық көшір­месін алудың сәті түсті. Т.Ізтілеу­ұлының бұл қолжазбасы мазмұны жағынан бұрынғы аталған мұраларынан елеулі ерекшелігі бар аса бағалы жинақ.

Көлемі 139 парақтан, 278 беттен құралған қолжазба «Ізтілеуов Тұрмағамбеттің жинаған материалдары» деп аталады (ОҒК, Қолжазба қоры: 1169-бума).  Шығыста жасалып, Бұхара мәдениетінің стилінде өңделген гүлді кардон қағазбен тысталып, түптелген қолжазбаның биіктігі – 35, ені – 12 см шамасында. Бұл туралы библиографтар қолжазбаның титуль бетіне қосымша ақ парақ жапсырып, оған жинақтың мазмұнын  толтырған. Десе де, ондағы тізім мен қолжазбаның соңында Тұрекеңнің өзі арабша әріп­термен жазған мазмұнының арасында едәуір айырма бар. Мысалы, қолжазба авторының жазуынша: 1) Омар сөзі, 2) Тұрмұхаммед, 3) Ыбырай Балқожаұлы, 4) Серәліқожа сөзі. Ал кейінгі тізім жасаушылар Омар мен Тұрмұхаммед есімдерін ескермей, Ыбырай Балқожаұлынан бастап кете берген. (Тұрмұхаммед – ақын есімінің арабша жазылуы; Ыбырай Балқожаұлы – яғни, Ы.Алтынсариннің жастайынан атасының қолында өскендігі мәлім. – С.Қ.) Мұндай сәйкессіздік жинақтың соңына дейін жалғасады. Атап айтсақ, осы қолжазбадағы атақты Махамбет ақынның толғаулары, Сахардың, Дарақтың, Жүсіптің, Досқожаның, т.б. туындылары соңғы тізімде көрсетілме­ген. Сонымен бірге осы материалдар ара­сында Тұрмағамбеттің өзі атамаған шы­ғармалар да кезігіп отырады. Олар­дың бірсыпырасы шайырдың өз өлең­дері болса, енді кейбіреулері Ахмет Бай­тұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының бізге белгісіз туындылары секілді кө­рінді. Әрине, мұның бәріне арнайы ғылыми зерттеулер мен мәтіндік талдаулар жүргізілуі қажет.

Тұрекеңнің бұл қолжазбасы шамамен 20-жылдардың бедерінде хатқа түсе бастаған сияқты. Оның бір дәлелі, қолжазбаның 195-бетінде «Президум КазЦик КССР. 1927 г.»  деген тақырыппен үкімет мүшелерінің тізімі берілген. Ондағы 15 азаматтың арасында ҚазАтком төрағасы Е.Ерназаров, ҚазХалком Ке­ңе­сінің төрағасы Н.Нұрмақов, Ауыл Ша­­руабанк бастығы Ұ.Құлымбетов, Мем­банк төрағасы А.Мырзағалиев, Хал­комжер төрағасы Сұлтанбеков, Ішкі сауда төрағасы А.Кенжин, Халком­денсаулық төрағасы Шамов, Халком Ішкі істер төрағасы А.Есқараев, Хал­ком Еңбек төрағасы Тәтімов, Халком­ Ауыл­шаруашылық төрағасы И.Тоқ­тыбаев, т.б. сол тұстағы белгілі тарихи тұлғалардың есімдері аталған. Осы беттің төменгі жағында басқа біреудің: «Қызылорда ауданы, 50-ші ау­ыл азаматы Қазыбек Қошжанұлының кі­табы деп білесіздер, жолдастар. Мұны жаз­ған Тәжібайұлы Өсер» деген қыстыр­ма сөздері ұшырасады. Кешегі аста­наның «ауданға» айналуы – өткен ғасыр­дың 30-жылдары. Демек, сол тұста Тұрма­ғам­бет шайыр біраз қудаланып, қолжаз­басы кісі қолына түскен болуы да мүмкін. 1927 жылы Қызылорда ел астанасы болып тұрғандығын ескерсек, үкімет тарапынан да дамолла Тұрмағамбетке бақы­лау қойылып, өлеңдері жазылған қол­жаз­басын «жауапты мекеме» адамдары алып оқып, тексеріп тұрса керек. Бұл ойы­мызды 200-беттегі өлеңнің астына бұрыштама түрінде жазылған мына ес­кертпе де аңғартатындай: «Выписка из газета Аул тили от 16/ІҮ27 г – орган Каз­­крайкома ВКП(б) КазЦик Сырдаринского губкома и губисполкома». Осыдан кейін белгісіз тұлғаның қолы және сол күнгі уақыт мерзімі қойылыпты (30.ІҮ.27).

Ақын қолжазбасында бөгде біреулер­дің қолтаңбасы қайдан жүр? Бұл сауал да алдағы уақытта зерттелуі тиіс мәселенің бірі. Тұрмағамбет шығармаларының түп­нұсқасы М.О.Әуезов атындағы ӘӨИ қо­рына қалай өткендігі туралы ілге­ріде жазып өттік. Ендеше, ҚР БҒМ Ор­талық ғылыми кітапханасынан табылып отырған соңғы қолжазба «ол жаққа қалай барды, кім өткізді?» деген сұраққа да жауап іздеу – зерттеушілерге тағы бір уәжіп. Осы орайда мына бір жағдай еріксіз еске түседі. 1936 жылы ел үкіметі шайырды өзінің үміт күткен шәкірті әрі сол тұстағы Қазақстанның Ағарту комиссары Т.Жүргеновтің ұсынысымен Алматыға алдырғаны белгілі. Тұрекең астанада екі жылдай өмір сүріп, әлемге мәшһүр «Шаһнаманы» ескі парсы тілінен қазақшаға тәржімелейді. Ә.Фирдаусидің 1000 жылдық мерейтойына орай арнайы тапсырыс алған ақын парсы тіліндегі аса ірі эпикалық шығарманы 10 айда бітіріп, «партияға тарту» етеді. «Еңбегіңе 500 сом зейнетақы береміз» деп уәделескен компартия ақырында ақынды «ескішіл, діншіл ақын» ретінде кінәлап, абақтыға жабады. Тұрмағамбеттің жастан жи­ған қолжазба мұрасы аса қомақты бол­ған­дығын ескерсек, солардың көбінің қуғын-сүргін жылдарында тәркі­ле­ніп, әркімнің қолында кетуі – таңда­нар­лық нәрсе емес. Тапқыр тілімен қазақты қойып, көрші өзбек пен тәжік оқығандарын тамсандырған шайырдың аңызға айналған бірқақпайлары қазақ зиялыларын да, түрме бастықтарын да қызықтырмай қоймасы анық еді.

Көшіп-қонып жүрген Тұрекең өзінің кейбір қолжазбаларын Т.Жүргенов сынды жақын інілеріне, Қалмақан, Өтебай секілді хатшыларына сеніп қалдыруы бек мүмкін. Ал солардың қайсыбірі аталған азаматтардың қолымен кітапхана қоймаларына өткен шығар. 30-жылдары  Алматыда «Ағарту, мәдениет қоғамдары» ашылып, онда көптеген қаламгер қызмет атқарды. Ел-жерден тілшілер тартылып, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің бай қоры жинақталды. Сөз болып отырған қолжазбаны аталған мекеме өкілдеріне Тұрмағамбеттің  өзі өткізуі мүмкін-ау  деген де ой келеді.

 Биыл дүниеден өткеніне 80 жыл тол­ған Тұрмағамбет ақын әлемі Сыр өңірімен ғана шектел­мейді. Ұлы ша­йыр­дың соңында қалған мол әдеби мұ­расы – Қазақстан, қала берді Орта Азия руханиятының шеңберінен шы­ғып, күллі адамзат мәдениетімен үн­десіп жат­қан қымбат қазына. Сыр сүлей­лерінің көшбасшысы саналатын Тұр­мағам­бет Із­тілеуұлы Абайдан кейінгі әде­биет та­рихында есімі Шәкәрім, Мәш­һүр Жүсіп, Шәді төре, Майлықожа, Шо­­раяқ­тың Омары сынды ойшыл, оқы­мысты, дастаншыл шайырлардың ал­дыңғы қатарында аталатын айтулы қалам иесі. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» стратегиялық мақаласында атап көрсетілген «Ұлы Дала есімдері» арнайы жобасы аясында Тұрекеңнің жаңадан табылған қолжазбасын жарыққа шығару – Сыр бойы халқының рухани мұрасын жаңғырту бағытындағы қайырлы қадам болғалы тұр.


Серікбай ҚОСАН, 

облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім 

басшысы, түркітанушы, филология ғылымдарының кандидаты.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2020 г. 601 0