Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық соттың ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Жолдауының аясында заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру бойынша брифинг өтті.
Брифингті облыстық сот судьясы, баспасөз қызметін үйлестіруші Шолпан Маликова, Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік соты төрағасының міндетін атқарушы Гүлмира Искакова, Қызылорда қаласының №2 сотының судьясы Күмісбай Кусекеев жүргізді.
Жиында Ш.Маликова биылғы жылдың Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірнеше заңға қол қоюымен басталғанын айтып өтіп, 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын түсіндірді.
Брифинг барысында әкімшілік соттың төрағасының міндетін атқарушы Г.Искакова Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды айтып берді. Ол өз сөзінде ұсақ бұзақылық және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып соғу әрекеттері бойынша жаза жеңілдетілсе, ал жүргізушінің көлік құралын масаң күйде басқаруы бойынша жазаның қатаңдағанын, яғни бұл санаттағы істер бойынша құқық бұзушылар бұрын тек 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылса, енгізілген өзгерістерге сәйкес 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы белгіленгенін айтып өтті.
К.Кусекеев Президенттің алғашқы Жолдауындағы міндеттерді орындау мақсатында жыныстық зорлық-зомбылық, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстарға, әсіресе балаларға қатысты қылмыстарға жазалардың күшейтілгенін жеткізді. Мал ұрлығы үшін Қылмыстық Кодекске арнайы бап енгізіліп, белгіленетін жаза түрінің қатаңдатылғанын баяндады.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі