Әбілқайыр Сқақов Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды, деп хабарлайды
ҚазАқпарат.
Өңірдің жаңа басшысын бүгін таңертең ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин таныстырып, бұған дейін Павлодар облысының әкімі болған Болат Бақауов қызметінен босатылғанын атап өтті.
ске салайық, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Б. Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.
Кейін, Павлодардың мамандандырылған тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады.
Болат Бақауовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша күдік келтіріліп отыр. Аталмыш бап мал-мүлкін тәркілей отырып, 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ қандай да бір лауазымды атқару құқығын өмір бойына шектеуді қарастырады.
Прокурор Рустам Сәдуақасов соттан айыпталушыны екі айға немесе 16 наурызға дейін қамауда ұстауды сұрады. Себебі экс-әкім бостандықта жазадан қашып, болмаса тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін.
Өз кезегінде Болат Бақауов өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтты.
Әбілқайыр Сқақов 1974 жылы Павлодар облысында туған.
Ақмола қаржы-экономикалық техникумын (салық бойынша қаржыгер, 1995 жыл); Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін (экономист және қаржыгер, 2000 жыл); Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институтын (бакалавр-заңгер, 2004 жыл); М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін («Master of Business Administration» іскерлік әкімшілік шеберінің дәрежесі,2017 жыл) аяқтаған.
Еңбек өтілі:
- 1995 жылдан 2005 жылға дейін - Павлодар облысы бойынша салық инспекциясының маманы, салық инспекторы, аға салық инспекторы, бөлім бастығы, Павлодар қаласы бойынша Салық комитеті төрағасының орынбасары;
- 2005-2006 жылдары - Павлодар облысы Қашыр ауданы бойынша Салық комитетінің төрағасы;
- 2006-2008 жылдары - Павлодар облысы Денсаулық сақтау департаменті директорының орынбасары (экономика және қаржы бойынша);
- 2008-2010 жылдары - Павлодар облысы бойынша Салық департаментінің Павлодар қаласы бойынша салық басқармасының бастығы;
- 2010-2012 жылдары - Қостанай облысы бойынша Салық департаментінің бастығы:
- 2012-2014 жылдары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті төрағасының орынбасары;
- 2014 жылдан 2016 жылға дейін - Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы;
- 2016 жылғы 1 желтоқсаннан – 2019 жылдың сәуіріне дейін – Қорғаныс министрінің орынбасары (экономика және қаржы бойынша).
- 2019 жылдың сәуірінен соңғы тағайындауға дейін ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы.
Мемлекеттік және ведомстволық наградалары: «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Ерең еңбегі үшін» (2014); Салық қызметінің үздігі (2011), Қаржы қызметінің үздігі (2012), Мемлекеттік қызмет үздігі (2014).