Кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін

 2020 жылдың 16 желтоқсанынан бастап шетелдік банктер Қазақстанда өз филиалдарын аша алады, ал бұл кредиттің пайыздық мөлшерлемесін төмендетуге ықпал етпек

Қазақстан нарығына ірі халықаралық банктер келгеннен кейін кредит бойынша пайыздық мөлшерлеме төмендеуі мүмкін. Бұл туралы ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"2020 жылдың желтоқсанынан шетелдік банктерге тікелей филиалдарын ашуға рұқсат етіледі. Бұл банк секторы мен сақтандыруды қадағалауға қатысты, ал құнды қағаздар нарығы бойынша тікелей филиал ашуға тыйым салынған. Олар еншілес ұйым құру арқылы жұмыс істеуі тиіс. Нарыққа қатысушылар алаңының кеңеюі тариф пен комиссиялардың азаюын, шарттардың жақсаруын, болашақта пайыздық мөлшерлеменің төмендеуін білдіреді, әрине", - деді Е.Досаев.

Оның пікірінше, қазақстандық банктер шетелдік қаржы ұйымдарымен бәсекеге дайын. Е.Досаев көрші Ресей мен Қытайдың ірі банктерінің филиалдары елімізде бұрыннан жұмыс істейтінін атап өтті.

Бүгін мәжіліс "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің қаржы нарығы саласындағы заңнамасын үйлестіру туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.

Ортақ қаржы нарығын құру банк, сақтандыру секторында және бағалы қағаздар нарығындағы қызмет көрсету секторында лицензияларды өзара тануды, қаржы нарықтарына кемсітушіліксіз кіруді қамтамасыз етуді, мемлекеттік реттеуді жетілдіруді және қаржы нарықтарында бақылау мен қадағалауды жүзеге асыруды көздейді.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2020 г. 619 0