Жастарға қолдау жоғары

... Озық ойлы жастарға қай кезде де жол ашық. Бұл ретте түрлі бағдарламалар қолға алынып, жемісті нәтиже беріп келеді. Мәселен, облыс әкімдігі мен Ресей Федерациясының университеттері арасындағы екіжақты меморандумға сәйкес, 2014 жылдан бері қызылордалықтар Ресейдің маңдайалды оқу орындарында шыңдалуға мүмкіндік алды. Қазір көрші мемлекетте Сыр жастарының қатары қалың. Олардың алды оқуын ойдағыдай тәмамдап, елге оралуда. Ендігі мақсат – өңірдің игілігі үшін еңбек ету.

Қайырхан Орақбай – білім саласындағы айтулы мүмкіндікті пайдаланған талапкердің бірі. Облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев атын­дағы №171 мектепті бітірген ол Мәскеу ұлттық технологиялық зерттеу университетін электроэнергетика мамандығы бойынша үздік тәмамдады. Бүгінде «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясында» метролог қызметін атқарады. Дарынды жас шетелде білім алудың артықшылығы байқалғанын, қазір бар білгенін, ойға түйгенін тәжірибе жү­зін­де іске асырып жүргенін айтады.

– Өзге елде оқып, біліміңді шың­дау, ел асып, жер көру, қазақта да та­лантты, талапты азаматтардың аз емес екенін көрсету  екінің біріне бұйыра бермейді. Алайда, мұ­ның бар­­лығын жүзеге асыруға бола­ты­нына көзім жетті. Көп тәжіри­бе жинақтадым. Қай жолды таң­дап, қан­дай саланы меңгергенің бола­шақ­ты айқындайды. Мен өз жолымды тап­қаныма қуаныштымын. Қазір Мәскеудің, Санкт-Петербургтың рейтингі жоғары университеттерінде бі­лімін шыңдап, мамандығын жо­ғары технология мен үздік әдісте­ме­лер арқылы терең меңгеріп жүрген қатарластарым көп. Олардың бар­лығы осындай мүмкіндікті ұсы­нып отырған ел ағаларының үмітін ақтағысы келеді. Расымен, еліміздің басты капиталы – мұнайы, қазба байлығы емес, оның туын тіктеп, керегесін кеңейтетін дарынды да білімді жастары. Сондықтан, сапалы білім алуға салынған инвестиция – жарқын болашақ кепілі деп білеміз. Оның қайтарымы, пайдасы мол болады, – дейді Қайырхан.

Әңгіме барысында кейіпкеріміз техника тілін меңгерген қатар­лас­тарының аздығын да сөз етті. Бүгінде бұл маңызды мәселені шешуде түрлі шаралар қолға алынғанымен, инженер-механик, электрмен дәнекер­леуші тапшылығы әлі бар. Бұл ретте Қайырхан жөнін білсең, жұмыстың жаманы жоқ екенін, ал сол жолда мансап, дәреже емес, елдік мүдде жоғары тұрғанын өз замандастарынан көргісі келетінін де жасырмады.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 21 қаңтар 2020 г. 293 0