Павлодар облысының Шиқылдақ-Бозшакөл айналма жолында қар құрсауында қалған 19 жолаушы құтқарылды. Бұл жайында «ҚазАвтоЖол» компаниясының Telegram-дағы ақпаратында айтылған, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағандыдан Омбы бағытында сағат 18:00-де жолға шыққан автобус табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай, жол бойында қалған. Қалың қармен қоса, боран салдарынан алдағы жол көрінбей, жағдай ушыға түскен. Осындай жағдайда жолаушылар мен жүргізуші жол қызметкерлерін күтуге мәжбүр болды. Арнайы техника арқылы жолаушыларды тасымалдайтын автобус Қарағанды тасжолына дейін жеткізілді. Компания мәліметінше, республикалық маңызы бар автожолдарда 818 техника жұмыс жасап жатыр.
«ҚазАвтоЖол» ҰК« АҚ жүргізушілерге жол ережесін сақтау, рұқсат етілген жылдамдықты асырмау, қауіпсіз қашықтықты сақтау қажеттілігі туралы ескертеді. Сонымен қатар, сапарға тек қысқы дөңгелектермен шығуға кеңес береді. Барлық сұрақтарыңыз бойынша 1403 нөміріндегі байланыс орталығына хабарласуларыңызға болады», - делінген компания ақпаратында.