Көк кесе

 
        (Әңгіме)

Серванттың бір бұрышында ала көне кесе тұрушы еді. Үйдегі басқа заттарға билігім жетседе, оны әлі күнге дейін ұстап көргем жоқ. Ол маған өзге кеселерден гөрі ерекше көрінетін. Сыртынан қараған сайын сонымен бір ойнап, құмарымды қандырсам деп ойлайтынмын. Бұл ойымды іске асыртқызбайтын апам да оны қызғыштай қорғайтын. Қанша қыңқылдасам да «Атаңның көзі ғой, сындырып аласың» деп, алып бермейтін.

Бір күні қыңқылдап қоймаған соң, апам көк кесені қолына алды да, «әңгіме айтып берейін» деді. Кесені қолыммен ұстап сипап көрдім. Аңғарғаным шынының сырты жасыл бояумен оюланған, түп жағы сәл сарғайған, бір шетінде кішкене сынған кетігі бар.

Көктем айларының бірі болатын. Бұл жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер шағы. Атам әдеттегідей науқас болатын. Бірақ сол жылы ауру әбден дендесе керек, қажыды. Күндер өтіп жатты. «Жазыла»р деген үміт қысқара түсті. Атам сонда да көк кесесін қолынан тастамап еді. Кешқұрым болып қалған. Ошақ басында жүргенімде әжең үйге шақырды. Барсам, атам төсегінде шалқасынан жатыр екен. Қос жанары үйдің шаңырағына қадалған. Бейне бір терең ойға шомғандай.

Қатпар-қатпар тарамыс қолдарымен өмір бойы сусын ішіп жүрген көк кесесін қыса ұстапты. «Ата» дедім ақырын ғана. Түйілген қабағын жазбастан көз тастады. Шалқасынан жатқан күйінде қолындағы кесені ұсына берді.

– Қарағым, келіндердің ішінде табалдырығымды тұңғыш аттаған өзің едің. Мына кесе менің саған қалдырған мұрам. Көзіңнің қарашығындай сақтағайсың, – деді бетіме қадала қараған күйінде.

Көзі бұрынғыдан да шүңірейіп кеткен сияқтанды. Бұл менің атамның бетіне ең соңғы тіктеп қарауым екен. Тағы да атам қос жанарын шаңыраққа қадады да, көзін жұмды. Мен кесені қысып ұстаған күйімде жылап қоя бердім. Бұл сол атаң қалдырған мұра, атаңның көзі, – деп апам әңгімесін аяқтады. Көзінде үйірілген жас тұр. Сонысын көрсетпейін дедіме, бір күрсініп қойып, тысқа шығып кетті.

Содан кейін көк кесенің сыртынан қөзімді қызықтырғаным болмаса, «алып бер» деп қыңқылдауымды қойдым.

Оразбек МАҚСҰТҰЛЫ.
20.03.1973 жыл.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 19 қаңтар 2020 г. 1 020 0