Елбасы облыс әкімдерінің қатысуымен кеңес өткізді

Елбасы облыс әкімдерінің қатысуымен кеңес өткіздіЕлбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін, облыс әкімдерімен кеңес өткізді, деп хабарлайды 24.kz.
 
Жиын барысында әкімдер Мемлекет басшысына өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен өздері атқарып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Президент өңірлік деңгейде шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселені айқындап берді. Елбасы жиын-терін науқанына, сондай-ақ жылу беру маусымына жан-жақты дайындық жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенаты депутаттарын сайлауды лайықты деңгейде өткізу қажеттігін атап өтті. Қазақстан мен Ресейдің Атырауда өтетін алдағы өңіраралық ынтымақтастық форумына дайындық барысы да сөз болды. 
 
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
- Күзгі жиын-терін науқанына дайындық – өте маңызды мәселе. 5 облыста жұмыс басталып кетті. Жақсы өнім болады деп сенеміз. Жылу маусымына келсек, маған келіп түскен ақпаратқа сәйкес, 55 мың тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылыту маусымына тек жартылай дайын. Жұмыс жүргізіліп жатыр. Ақтөбе, Атырау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау облыстарында жылу электр стансаларында жүргізілуі тиіс жөндеу жұмыстары кешіктірілуде. Дереу шара қолданыңыздар. 
 
Бүгін Елбасы Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында Мемлекет басшысының бірқатар нысанда болуы, сондай-ақ өңірдің жұртшылық өкілдері және кәсіпкерлерімен кездесу өткізуі жоспарланған.

ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 07 тамыз 2014 г. 837 0