Қармақшы аудандық «Қармақшы таңы» қоғамдық-саяси газетіне Сәрсенкүл Жаудатбекқызы Райымбаева бас редактор болып тағайындалды.
Ол Қармақшы ауданы, Жосалы кентінде 1970 жылдың 13 мамырында дүниеге келген. 1977-1987 жылдары кенттегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектепте білім алған. Мектеп бітірген соң жастардың комсомол бригадасын құрып, Жосалы механикалық зауытында құрылысшы болып еңбек жолын бастаған. 1990-1992 жылдары Жезқазған қаласында хатшы-стенографист мамандығы бойынша білім алып, сондағы облыстық кәсіподақтар комитетінде хатшы-референт қызметін атқарды.
1992 жылы Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түсіп, оны 1997 жылы бітірді. 1999-2003 жылдары Жосалы кентіндегі №12 кәсіптік мектепте пән мұғалімі болып ұстаздық етті. Осы кезеңде оның жетекшілігімен шәкірті Ұлболсын Төтебаевамен "Қазақстан – 2030" стратегиясы: Кеше, бүгін, ертең" тақырыбында өткізілген республикалық жазба ақындар мүшәйрасында бас жүлде иеленіп, Премьер-министрдің қабылдауында болды. Ұстаздық еткен жылдарда облыстық "Сыр мектебі" салалық басылымына өлеңдері мен мақалалары жарияланып тұрды.2005 жылы аудандық "Қармақшы таңы" газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналасты.
2011 жылдан бастап қазірге дейін аудандық газетте бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, бас редактордың міндетін уақытша атқарушы болып қызмет етті.