Кеше жылдағы дәстүрге сәйкес, аудан, қала, кент, ауылдық округ әкімдерінің халық алдында есеп беру жиындары басталды. Әкімдердің халықпен кездесуі ағымдағы жылдың 15 қаңтары мен 5 ақпан аралығында өтеді.
Осы орайда, есеп беру жиыны Арал ауданына қарасты Октябрь ауылдық округінен бастау алып, кездесуге облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Б.Шәменов, «Нұр Отан» партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Қанатов, аудан прокуроры А.Тәженов, аудандық мәслихат хатшысы Д.Мадинов пен мәслихат депутаттары, аудандық бөлім басшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиын барысында ең алдымен жергілікті учаскелік полиция инспекторы Қайырбай Қаражанов жыл қорытындысы бойынша баяндама жасап өтті. Одан әрі ауылдық округ әкімі Нұрбек Жандәулетов ауылдық округ бойынша атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, ағымдағы жылдың наурыз айында Шижаға елді мекенінен жаңадан дәрігерлік амбулатория құрылысы басталатынын тілге тиек етті.
Мұнан әрі, сөз тізгінін алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аудан көлемінде 2019 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, халықпен тиімді кері байланыс орнату, әлеуметтік көмек және мемлекеттен берілетін жәрдемақылар, білім және денсаулық саласы, ауданға тартылған инвестиция көлемі, көшелерге орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары, жарықтандыру мен инфрақұрылым мәселері бойынша атқарылған жұмыстарды мәлімдеді. Алдағы уақытта атқарылатын жоспарларымен де бөлісті.
Атап өту қажет, өткен жылы Шижаға елді мекенінен 100 орындық жаңа мәдениет үйі ел игілігіне берілген. Сонымен қатар, халық сұранысына сәйкес ауыл көшелеріне облыстық бюджет есебінен 62 бағана 55 жарық шамдары орналастырылып, жарықтандыру жұмыстары жүзеге асырылса, аудан бюджеті есебінен елді мекеннің кіре беріс автожолына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұған қоса, осы ауылдың тумасы жеке кәсіпкер М.Құлмырзаевтың демеушілігімен «Туған жерге тағзым» аясында Шижаға ауылының орталығынан «Тағзым алаңы» бой көтерген.
Осылайша, жыл көлемінде атқарылған жұмыстармен жан-жақты танысқан тұрғындар жиында өздерін толғандырған ұсыныстарын жеткізді. Ауыл тұрғындары тарапынан туындаған сауалдарға аудан әкімі тиісінше жауап беріп, тұрғындар тілегі басты назарда екендігін атап өтті.