Арал – әлемге балығымен аты шыққан тарихи мекен. Мұндағы жергілікті жұртшылық атадан балаға мирас болған мал шаруашылығымен бірге балықшылық кәсіпті де өркендетіп келеді. Соның нәтижесінде теңіз төскейіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, аудан экономикасының көкжиегі күн сайын кеңейе түсуде.
«Өзен жағалағанның өзегі талмас» демекші, осы қағиданы берік ұстаған ел азаматтары бүгінде су маржанын сүзіп, кәсіп етіп, тұрмысын түзеуде.
Осы орайда, күні кеше ауданға қарасты Құланды ауылдық округі, Ақбасты елді мекенінде жаңа балық сақтау цехы ашылды. Жергілікті кәсіпкер Құлманов Жандостың бастамасымен іске қосылған балық сақтау цехының ашылу салтанатына аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қатысып, көпшілікті жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Сонымен қатар, «САРАТС» жобасының сәтті жүзеге асуы нәтижесінде қайта түлеген аудандағы балық шаруашылығының дамуына кеңінен тоқталды.
Кәсіп иесінің 2018 жылы өз қаражаты есебінен іргесін қалаған цех 100 тонна балық сақтауға қауқарлы. Ел игілігіне берілген цехта алдағы уақытта елу адам жұмыспен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.