Басықарада дәрігерлік амбулатория қайта ашылады

Қазалы ауданында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп беруді бастады.
Бүгін белгіленген кестеге сәйкес аудандағы алғашқы есеп беру кездесу Басықара ауылында өтті.
Ауылдық клубқа жиналған тұрғындар алдында аудан әкімі Мұрат Ергешбаев 2019 жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы атқарылатын негізгі міндеттері туралы айтып берді. Сондай-ақ Басықара ауылдық округінің әкімі Мұрат Бекмамбетов пен учаскелік полиция инспекторы Ерлан Байділдаев жыл ішінде атқарған жұмыстары туралы баяндады.
Басықара ауылында негізінен 2019 жылғы есепті кездесуде көтерілген мәселелер рет-ретімен шешімін тауып келеді.
Атап айтар болсақ, өткен жылы аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ауылдағы балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ал, ауылдағы электр желілері «ҚЭТТК» АҚ-ның теңгеріміне өткізу үшін қажетті құжаттары облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына алыс-беріс актісі арқылы өткізілді.
Ауыл тұрғыны Қ.Қаратаев «мал басын асылдандыру» жобасы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымы» ЖШС-нан қолдау тауып, 4 млн теңге несие алды.
Бұдан бөлек, басықаралықтар жыл көлемінде мемлекеттік бағдарламалар аясында 6 жоба бойынша 56,4 млн теңге несие алған.
Есепті кездесуде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкірат Сейтекен «Жыл басынан бастап күшіне енген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігі қандай?» және «Ауылдық дәрігерлік амбулатория жабылып қалмай ма?» деген сұрақтарын қойды.
Бұл сұрақтарға Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Гүлжихан Нысанова жауап берді. Бас дәрігердің айтуынша МӘМС-тің тиімділігі өте көп. Тегін берілетін дәрілердің көлемі едәуір артып, медициналық қызметтің сапасы артады.
Ал, 2016 жылдан бастап фельдшерлік акушерлік пункт болған Басықарадағы медициналық мекеме 15 ақпаннан бастап дәрігерлік амбулатория болып өз жұмысын бастайтынын жеткізді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі
ЖЕДЕЛ ЖАҢАЛЫҚТАР 15 қаңтар 2020 г. 764 0